24.07.2022
114
Жанымның жаз-көгінде бұлт аунады...
Жанымның жаз-көгінде бұлт аунады,
Құлындай құбылма-күй құрсаулады.
Жабырқап жүрем ылғи жалғас іздеп,
Жазылмай қалып жырдың бір тармағы.
Көңілден күмбір күйім төгілсе еді,
Езбе күй еңсені езді ебіл-себіл.
Сүйреткен сүйегімді сұрқай тірлік –
Жігіттей тастап кеткен келіншегі.
Басымнан шырлай ұшып, бақ та араздап,
Баяғы тарлан күй жоқ топтан озған.
Адамнан қалған көңіл – алау-далау,
Аламын ашуымды ақ қағаздан.
Шалдығып күнде дертке, күнде айығып,
Қиялмен қызыл киік бір қайырып;
Жыртамын ызаланып ақ қағазды,
Көңілдің көк аспанын бірге айырып.
Омалып, оған бола сөкпе ертеңді,
Ойларым орман тектес отқа өртелді.
Сағынып жатам сосын сал күндерді,
Жамылып жұлдыз өрнек көк көрпемді...