24.07.2022
  129


Автор: Рахат Қосбармақ

ЖАН СЫРЫ

Мекер тірліктен меселім қайтып, мен неге
Жаутаңдай қарап, жасқана берем, жерлене?!
Білмеймін тіпті,
білмеймін тіпті,
білмеймін –
Ұқсамай жүрмін періштеге де, пендеге.
Жан-жүрегімді жайлаған жайсыз жайларға
Ем болып қонып, ес жиғызатын ой бар ма?!
Білмеймін тіпті,
білмеймін тіпті,
білмеймін –
Ұқсамай жүрмін адамзатқа да, айуанға.
Жүрекке жүк боп күйік атаулы күніге,
Түкірем неге түңіле қарап түріме?!
Білмеймін тіпті,
білмеймін тіпті,
білмеймін –
Ұқсамай жүрмін өлілерге де, тіріге.
Бұрын-соң бұлай булыққан күйді кештім бе,
Өртеніп-жанып, өзегім күйіп, өштім бе?!
Білмеймін тіпті,
білмеймін тіпті,
білмеймін –
Ұқсамай жүрмін ештеңеге де, ешкімге.
Дала-жаныма дауасыз сезім дарыған,
Жаралы сәтте жанартау болып жарылам.
Өмірдің мынау өлшемін сезбей жүрмін бе –
Өзім сау жүріп, өлгендерді көп сағынам.
Көркем жыр емес, көз жасы болып төккенім,
Өзіммен өзім тартысқан,
Өзіммен өзім шарпысқан
О, менің сорлы сәттерім!
Түлкі-дүниеге түңіле қарап, түкірген
Осындай ойсыз, ойран шақтарым көп менің.
Өлі көзбенен өшіге қарап өмірге,
Түн баласына төңбекшіп жатам төрімде.
Не дауа, дүние,
О, жарық жалған, не дауа,
Зауал келгендей зар илеген бұл көңілге?!
Салындым тағы сарыуайымдау сарынға,
Ғафу ет, достым, «табансызсың» деп тарылма.
Үмітсіз жанды үңгіп жеп жатыр үнсіз ой,
Кездеспес кесел, дауасыз дерт бар жанымда.
Шыныдай сынып,
Шытынба, достым, қабақты,
Табиғат мені табансыздау ғып жаратты.
Адалын айтсам,
Адамға ұқсамай жүремін,
Айлапат дүние абақты болып, абақты!
Тарылма, достым, ақтарсам сырдың ашығын:
Жасыма жетпей жалыным сөніп, жасыдым.
Адам баласына айтпай-ақ қояр едім ғой,
Ақын болған соң, жан сырың жатпас жасырын...





Пікір жазу