24.07.2022
  99


Автор: Рахат Қосбармақ

КҮЙЗЕЛУ

Азап кешірген жаныма азам жетіп жүр,
Май ішкен жандай соңғы кез мазам кетіп жүр, жан аға.
Тәуелім қайтты Тәңірден –
Бірі қабыл болмай тілектерімнің,
Жүнжіп те кеттім соңғы кез, жүдеп те жүрмін, жан аға!
Сартап бір ойлар сарсылтып пұшайман жанды,
Санамды улап, танымды тұсаулап алды, жан аға.
Тәрк болды бәрі – Тәңірдей сыйлағандарым,
Тырнақтап құрап, тірнектеп жинағандарым, жан аға.
Алтыннын қымбат, аһ, дүние, қу бақыр құның,
Уылжып тұрған бал шағым у татыр бүгін, жан аға.
Иманнан ізгі сезімім – ит-тірлік енді,
Ит болып мен де бір сәтке итке үргім келді, жан аға.
Шыбыртқы-үрей қамшылап жаралы жанды,
Қара жыландай қарау ой оралып алды, жан аға.
Жай адам түгіл, Жаратқан шеше алмайтұғын
Сауалдар сансыз...
Айқай-шың тұрсын, адырдан аса алмайды үнім, жан аға.
Кеудемде мынау сөнгендей мәңгілік таңдар,
Жеті атаңды да оятқан жаңғырықтар бар, жан аға.
Не деген азап – шайтанның шашындай ұзақ,
Жалт етіп аққым келеді, жасыңдай ұзап, жан аға.
Мен қайтсем екен?!
Бомба боп жарылсам ба әлде,
Тыншыр ма жаным – тозақтан арылсам сәлге, жан аға?!
Кеш менің адал Арымды, бір аласарсам –
Ізгілік үшін ізгі бір күнә жасасам, жан аға!..





Пікір жазу