24.07.2022
147
ЖАНАРЫҢДА МҰҢ БАР ДЕЙСІҢ...
Ақпандатып, долы желі сарнаған,
Сұлық жатыр мейірімге зар далам.
Халық мынау, бар қамсауын қамдаған,
“Нарық ” мынау – қанға тоймас қандалаң,
“Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған...
Қыран ұшпай қос қанатын қомдаған,
Құзғын шықты көп шуылдақ қолдаған,
Алға озып дуылдаған дау-дамаң,
Шын өнердің бағын көрдім жанбаған,
“Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған...
Рухсызға болған емес оң бағам,
Баба пейіл бүгінгіге қонбаған.
Соны ойласам өз-өзімнен қорланам,
Бұл өмірде табылмайды-ау жан дауам,
“Жанарыңда мұң бар” дейсің сен маған.