24.07.2022
  189


Автор: Темір МЫҢЖАС

АҚЫН ЕСЕНҒАЛИ БӨКЕНБАЕВТЫ ЕСКЕ АЛУ

Ес білген шақтан өлеңге көңлім бұратын,
Табатын сынды тек содан ғана мұратын.
Мұнымды сезген әкем бір тойда көрсетті:
«Анау тұрған деп, Шағадамдағы дүр ақын».
Буыны қатпай жетімдік көрген, жетілген,
Он сегізінде жоюға жауды бекінген.
Ақынмен содан ағалы-іні боп кеттік
Бір жүрген күндер кетпейді әлі есімнен.
Майдангер екен, Отаны үшін от кешкен,
Барлаушы бопты, ажалмен талай беттескен,
Қаза тапқанын көзімен көріп Мәншүктің
Қанқұйлы жаумен бітіспейтіндей кектескен.
«Өткеріп бастан небір сұмдығын соғыстың,
Жеттім мен елге солдаты болып Жеңістің.
Өрісін аңсар аруана сынды арқырап,
Маңғыстау барып, Сәтекеңменен көрістім».
Деуші еді ол ылғи, шабыттан көзі шоқтанып,
Сол сапарында Сәттіғұлдан бата қайтты алып.
Шағадамда аға шалықтап жүрді қырандай,
Қазақ, түрікменнің ықыласынан бақ тауып.
Теңізші-ерлерге «Тоғыз қайығын» арнады,
Қайғыланғанды рухтандырды, қамдады.
Өз ғұмырында халқымен біте қайнасып,
Жақсылықтың жаршысы болып, қорғады.
...Тұрмайды баста, бұл жалған сірә, өтпелі,
Сусиды жылдар арадан ақын кеткелі.
Жыр-толғаулары өзі боп елді кезіп жүр,
Бұлдағы оның көп жүрегіне жеткені.





Пікір жазу