24.07.2022
  146


Автор: Темір МЫҢЖАС

ӨМІР ДЕГЕНІҢ...

Қаңтар да өтер
Ақ мамығын аунатып,
Ақпанда өтер
Аязбен “шымшып”, жауратып,
Наурыз да келер
Әуеден ақ нұр саулатып,
Сәуір де келер
Даланы бір сәт жайнатып.
Келер де кетер
Бірімен бірі алмасып,
Осылайша өмір
Жатады екен ғой жалғасып,
Білтелі шамдай
Ғұмырдың өзі шектеулі
Барасың қайда
Жүргенмен қазір алға асып...
Өмір дегенің
Жанның көктеуі, солмағы,
Орны бар болса,
Оңалып қайта толмағы,
Өмір дегенің
Сапардағы көш керуен
Кенеттен бірақ
Тоқтап қалмаса болғаны.
Өмір дегенің
Қоңыр кешің мен ақ таңың,
Бақыт пен сорың,
Бейнет пен зейнет тапқаның,
Жылап келіп,
Сәулеге есік ашқаның,
Жылап барып,
Есікті қайта жапқаның...





Пікір жазу