24.07.2022
115
ЖҰЛДЫЗҒА
Қызымның ұзатылу тойында оқылған өлең
Қолымдағы қырмызы қызғалдағым,
Алдамасын мәңгілік ізгі арманың.
Ағаңменен екеуің –қос жүрегім,
Тигізбедім өмірдің ызғарларын.
Аспаныңды сұқсыр бұлт кезбесін кеп,
Қиындығын тірліктің сезбесін деп,
Ақ жанымның алауын жақтым талай
Бақ-талабы нұр шашсын, өрлесін деп.
Неткен қысқа қыз-ғұмыр көктемедей?!
Пәле-жала ешқашан беттемегей.
Айдынында өмірдің ізіңді сал
Алға тартқан желкенді ақ кемедей.
Осы болды өзіңді ұшырғаным,
Әр нәрсенің байыбын түсін, жаным.
Өмір жолы тақтайдай түзу емес,
Шар болаттай қарсы алғын ұсынғанын.
Дақ түсірме атына ауылыңның,
Сыйлысы бол қосылған қауымыңның.
Қолтығыңнан демесін ата-бабаң,-
Ақ тілеуі ағайын, бауырыңның.