САҒЫНЫШ
“Бапа, сені сағындым” -дейсің күнде звондап,
Құрғыр жүрек мұндайда, қалады екен бір аунап.
Саған қарай сол сәтте ұшып кеткім келеді,
Шіркін, қанат болса егер тырнадайын тыраулап.
Сағынғаның жарығым, әр сөзіңнен білінді,
Үйдің іші дуылдап, қызықтайды тіліңді.
Былдырлаған сөзіңді естігенде алыстан
Көкжиегі көңілдің ақша бұлтқа ілінді.
Ұзағалы ауылдан үш аптадай күн өтті,
Соның өзі жылдай боп, көңілімді жүдетті.
Ақ самалдай есіліп, сен сөйлесең Ақтаудан
Серпігендей боламын қалың ойды – түнекті.
Пенде жолы белгілі, тағдырына бағынбақ,
Жастан асып барамыз жүретұғын жалындап,
Апта, күнді айтамыз, біле білсең, жарығым,
Бапаң сені сағынған үйден шыққан шағында-ақ.
Сағынбасақ күнім-ау, бұл өмірдің мәні не?!
Сала алмайсың сен онда қуаныштың әніне.
Көкжиегі таулармен көмкерілген баба-қыр
Қу тақырдай көрініп, бөленбейді сәніне.
Ақ толқынды көк теңіз лайсаң судай көрінер.
Сағынбасаң көңілің әрбір шақтан жерінер.
Сағынышың баураса жағалаудың шағылы
Аяғыңның астына ақ маржандай төгілер.
...Жайқалады сен десе жапырағы жанымның,
Сайрап кетер бұлбұлы мұңға оранған бағымның.
Оңтүстіктен арқырап отарбалар аққанда
Мен де ауылға жетермін, жаным, сені сағындым...