ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ
Мұқағали ағадай,
Дос таппадым жігіттен.
Көбі жыра-жықпылда
Көрінбеді биіктен.
Кездері аз біріккен,
Сөздері көп үріккен,
Ғұмыр бойы келемін
Көкірекке түйіп мен.
Жолдастық пен достықты
Таптым әйел затынан,
Арулармен дос болдым
Сан жігітке татыған.
Көкірегі-асыл ән,
Шабыт алдым отынан.
Оның бірі қорғады,
Кей жігітің сатқанда.
Қызғаныштан ит болып,
Маған кесек атқанда.
Ақындық пен серілік
Бас идірмес шақтарда.
Бірі анаша аялап
Иліктірді тоқтамға.
Тентек желі тағдырдың
Қапияда соққанда.
Солар еді білсеңіз,
Қабырғамды жапқан да.
Сыр бөлістім арумен
Арайланған ақ таңда.
Қамсау болып сол жетті
Арқыраған ақпанда.
Жігіт “досқа” сыр айттым
Жайды жарты жаһанға.
Енді бірі қарайды
Оқ таба алмай атарға.
Көріскенде өтірік
Қуанған боп қалады.
Қосқысы жоқ шынында
Мені тіпті қатарға...
Осындайдан түңіліп,
Түйілдім сан намыстан.
Түлкі жігіт көп көрдім
Кезікпеді арыстан.
Адал көңіл, өр мінез
Бабалардың мәрттігі
Білуімше осы кез
Аруларға ауысқан.
Жолдас болдым, дос болдым,
Серік болдым қыздарға,
Шуағы бар олардың
Ұрындырмас ызғарға.
Өмірімнің бар күнін
Сарп етсем де жетпейді-ау
Арулардың тигізген
Шапағатын жырлауға!