БІР ҚУАНЫШ ЖЕТПЕЙ ТҰР, ЖАНЫМ, МАҒАН...
Тұлпар уақыт тізгінге бағынбаған,
Жылдар өтіп барады жалындаған.
Жабырқаған жүректі жалаулатар
Бір қуаныш жетпей тұр, жаным, маған.
Бір қуаныш...
Өзі жоқ, елесі бар,
Ғұмырыма сол сынды беретін нәр ?
Мен дегенде тас-тағдыр бүлк етпейді
Әуелден-ақ бітіспес егесі бар.
Бір қуаныш,
Сәулесі үмітімнің,
Күте-күте бордайын үгітілдім,
Ойы жеткен қияға, өзі жетпес
Әуселесін көрдің ғой жігітіңнің.
Күндер қайда,
Алмастай жарқылдаған ?
Кемедейін желкені қалтылдаған.
Қор болуы адамның оңай екен,
Бір-ақ сәттік екен ғой нарқың, бағаң...
Бір қуаныш жетпей тұр сілкінуге,
Мұзбалақша шыңдағы бір түлеуге,
Найзағайдай жарқылдап зеңгір көкте
Ақ жаңбырша нөсерлеп, сіркіреуге.
Бір қуаныш
Алыстан сырғақтаған,
Келерін де, келмесін жұмбақтаған,
Білетінім, әйтеуір сол бір сезім
Қымбаттаған мен үшін,
Қымбат маған...