24.07.2022
  137


Автор: Темір МЫҢЖАС

“Ішінде адам аласы”...

“Ішінде адам аласы”,
Деген сөз бар, болған емес таласым,
Бірақ, бірақ күліп тұрған адамға
Нанасың-ау, нанасың...
Анық білмей дос пен қастың арасын,
Байыптамай бес саусақтың саласын,
Жүргеніңде танытады біреулер
Жүрегінің қарасын...
Күн кешпеген сәл нәрсені малданып,
Біздің көңіл барлық жанға жап-жарық.
Содан бәлкім, тани алмай адамды
Қалатыным алданып...
Ондайлар жүр сілтеп маған кесегін,
Бетке келмей, сырттан айтып өсегін.
Сонда да мен бар адамға япыр-ау,
Ғашық боп күн кешемін...
Алдай берсін, қауіпті емес ол дағы,
Әйтеуір бір, рас жолым болмағы.
Мені алдасын, бәріне мен көнейін
Тек құдайын ұмытпаса болғаны...





Пікір жазу