24.07.2022
  100


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҚЫРАНДАР КЕРЕК

Бейбіт елде бұла өскен менің,
Артымнан ерген інілерім-ай.
Жат жерде жаумен тірескендерім,
Рухы асқақ, ірілерім-ай!
Өз ошағы мен елінен асып,
Жаралы жыртқыш – қашқан жау,
Жасырын келіп, тасадан атып
Кей боздақ жерді жастанды-ау.
Адалдықты ардай кірлетпегенің,
Көкіректі тостың оқтарға,
Араңызда жоқ бірбеткейлерін,
Туған жер әлі жоқтауда.
Еске алу қиын, білем бәрін де,
Балаң шақ сонда қалды ма?
Ауғанның мұңлы күрең көгіне
Қараумен көзді талдыра.
Амандықты ту етіп тұтып,
Жеттіңдер елге қайтадан.
Отандастарың алдыңнан күтіп,
Бозторғайлы қыр айтады ән.
Мөлдір аспанды күн нұрға малып,
Бұлт – орамалын тау бұлғайды.
Шаттықты жүрек тұндырып алып,
Көк дөнен – көңіл тулайды.
Жақсылық қой бұл, лебі есуде,
Сейіліп зілдей тұмандар,
Көлеңкелердің бұлты көшуде,
Елге де керек қырандар.





Пікір жазу