24.07.2022
159
ЖОЛДАС БОЛДЫМ...
Жолдас болдым,
талай-талай жақсымен,
Айырмадым
жасын, ұлтын, тегін мен.
Жаны таза,
жүректері ақ кілең,
Көкірегіне
түскен сәуле көрінген.
Жолаушы боп
кезікті олар жолдағы,
Аз болмады
отауыма қонғаны.
Ақ жанымнан
шуақ бөліп сыйладым.
Нәр алсын деп
қажығаны, тоңғаны.
Олар барда
жырым-гүлім солмады,
Шабыт құсым
көкке өрледі, самғады.
Қара ниет
ғайбат зәрін төккенде,
Жақсы жандар
сауыттайын қорғады.
Жаңбыр жауса,
жаңартады гүл өңін,
Жақсылардың
ықыласымен түледім,
Адамдарға
жақсылық боп жетуге,
Мен де әрдайым
асық болып жүремін...