24.07.2022
105
САҒАН ДЕГЕН МАХАББАТ
әні:Амангелді Сұлтанғалиевтікі.
Аяулым-ау, екеуміз қосылғалы,
Бақытыма айналдың басымдағы.
Елігім ең, айналдың көрігіме
Серігімсің, сен менің қасымдағы.
Арман қудым, жолымды тосып қалдың,
Жігерімді бір сәт те жасытпадың.
Қазығыма айналып артымдағы,
Пысқырмадың сөзіне пасықтардың.
Сері көңіл қойды да еркелетіп,
Жүрдім талай кеш келіп, ерте кетіп.
Қабақ шытпай алдымнан күліп шықтың,
Күндерге де мән бермей келте-кетік.
Бірдей тарттың тағдырдың салғанын да,
Қуанышын, қайғысын, салмағын да.
Есімде жоқ бір мезет менен бөлек
Ерекше күй өзіңе талғадың ба?
Қамдадың да, сен мені қолдадың да,
Серік болдың өмірлік жолда мына.
Өлді десе сенерсің, сенбе бірақ,
Саған деген махаббат солғанына.