24.07.2022
  119


Автор: Темір МЫҢЖАС

БІЗ ЕКЕУМІЗ

Жұмабикеге
Бөлемедім үлде менен бүлдеге,
Уақыт өте ширай түсті гүл денең,
Екі шалдың еркесі едік екеуміз
Тәңір ием көзін салды бізге де.
Ақ отаудың өзім жақтым шырағын,
Ал сен оның гүлге орадың шырайын,
Моншақтайын кестеледік жылдарды
Біз дегенде сәтін салды құдайым.
Шатырадай мөлдірейді аспаным,
Өзің барда мен қиыннан қашпадым,
Маған төнген кесапаттың барлығын
Періштем –ау, өзің серпіп тастадың.
Өткінші өмір батырға да, сақиға,
Мың күнгі ұжмақ бір күніме тати ма!
Екі дүниеде ризамын мен егер
Осылайша ғұмыр кешсем бақида...





Пікір жазу