24.07.2022
  130


Автор: Темір МЫҢЖАС

САҒЫНЫШ

Ақын Дүйсенбек Қантбаевқа
Теңіз де өксіді,
Менің кеудем де...
Жағада сол күні,
Сартап сағыныш сезім боп көлкіді.
Жылаған жүректі жұбата алмады
Каспийдің құшағы,
Ақ білек толқыны.
Іргеде көк шаһар,
Таныс бақ,
Жалаулы жастықтың көшесі.
Бүгінде
Басқаша тыныстап,
Дутардың сазына буынып,
Шиырылған көк шайлы кесесі.
Бұрынғы нұрлы аспан,
Кіреуке мұң басқан.
Қаланың қауқылы көбейген,
Кеткендей бұрыннан есесі...
Ләйлі тал сыңсиды,
Жапырақ-шаштары
Мойныма оралып,
Қимастай қиылып,
Қарайды ақ қайің қадалып.
Өмірдің қат-қабат жолында
Қалмасам жоғалып...
Красноводск!...
Өзіңе соғамын ол анық.
...Сол күні өксіген көңілмен,
Таныс та, алыс та жағада,
Жоғалған жастықтың елесін
Екшедім санада.
Өйткені көп жылдар
Жүйткіпті арада.
Ал, сен ше, бардың ба?
Сол бір жағаға,
Жан-аға...





Пікір жазу