ПАРИЖІМ МЕНІҢ
Мақтады деме қаласын бастан асыра,
Ыстық ұясын балар жұрт астанасына.
“Парижім” менің – Жаңаөзен деймін мен ылғи
Өзіңді теңеп француздың бас қаласына.
Маусымда сонау төсіңнен жалын ұшқанда,
Жігерің көкте жасынмен шағылысқанда.
Жетіп ем саған, он жылым бірге өтіп еді
Парижге теңеу өзіңді сағыныштан ба?!
Кіші болсаң да Парижден, кейпің бар асқақ,
Досыңды қоштап тұрғаның, жауыңды жасқап.
Дала-мұхиттың қалқыған ақ кемесіндей
Жарқын күндерге барасың оң сапар бастап.
Күңгірлеп, мейлі, күмбезің көк тіремесін,
Мұнараларың көзді арбап, бұлт күремесін.
Сонда да маған сен болдың Парижден қымбат,
Өзіңе менің әрдайым ақ тілегім шын.
Өзенім менің, далама шырай бергенім,
Шыңыраудан тарттың толқыған мұнай керуенін,
Француздың емес, білсеңдер, менің Парижім
Шабыт жырына бөленген мынау кеудемнің.
Парижге теңеп, жүргем жоқ өзім түсінбей,
Жұмыскер кейпің елестер көзге мүсіндей.
Бір саған деген жүректе аппақ сезім бар,
Келемін әлі мен оған қылау түсірмей.