АҚТАУДАҒЫ ТАРАС ЕСКЕРТКІШІН КӨРГЕНДЕ
Сұс танытып жанардан,
жауыңа дүлей кекпенен,
Қияға қанат қомданып,
көзіңе түспей көп белең,
Отырғандайсың ақыным,
шағала көңілің шарқ ұрып,
Көкірегіңнен ұшырып
сағыныш толы отты өлең.
Қаскөйлікпен бітіспес,
толқындай болдың жарды ұрған,
Айдалып келдің жеріме,
бұл дағы бұғау – тағдырдан.
Рухың риза біледі ел,
қазақтай ұлы халыққа
Өз ақынындай әспеттеп,
бейнеңді тасқа қондырған...
Мұңдылау шықты өлеңің,
кезің көп болды жабығар,
Днепр өзен –анаңа жолдадың
сәлем сазы бар,
Сіз жүрген жерді көрмекке
осында талай келер жұрт,
Жақсыда жаттық жоқтығын,
бейнеңді көрген жан ұғар.
Тәуелсіздік таңы атып,
шаңырағын тікті түбегім,
Украина дербес ел бүгін,
іске асты арман-тілегің.
«Тарас та мұнда болған» деп,
қастерлейміз атыңды
Бізбенен әркез үндессе
ақындық рух-жүрегің...