24.07.2022
  182


Автор: Темір МЫҢЖАС

ТУҒАН ЖЕРДІ АҢСАУ

немесе ақын аға Есенғали Бөкенбаевқа хат
Аман да есен жүрмісіз,
Есенғали ағамыз.
Алыста жүрген ініңе
Шайырлардың ішінен
Өзіңнің артық бағаңыз.
Соңғы жылдар, жан аға,
Ақтау деген қалаға
Көшуді бізге нәсіп қып
Алыстап кетті-ау арамыз.
Маңғыстау болды тұрағым,
Өлеңнен өрнек құрадым,
Алыста сенен жүрсем де,
Ауылдан келген адамнан
Хал-жайыңды сұрадым.
Шабысы бөлек дүлдүлім,
Екпіні қатты жүйрігім,
Сағыныш жырын жолдадым,
Шабыттың ашып түндігін.
Толқындай көкке ыршыған,
Тыңдаған көңіл тыншыған.
Ел ішін кезген кезімде
Жырларыңды естіп шаттандым
Термеші менен жыршыдан.
Сөзіңнің ұқса байыбын,
Өзіңсің асау Жайығым.
Тыңдаушыны тебірентті,
Қайғылыны еңіретті
Әйгілі “Тоғыз қайығың”.
Жөргекте жырдан от алдым,
Жиырмада сенен бата алдым,
Отыз жасқа келгенде
Ойын- тойға сән беріп,
Өлең сөзге әр беріп,
Ақыны елдің атандым.
Еңбек еттім баптанып,
Жүрмін содан бақ тауып,
Халыққа жазған жырларым,
Жүректен шыққан сырларым,
Басылды тасқа, қатталып.
Қияға тартып жүрегім,
Шарлап кетті жыр елін.
Алыста дәйім жүрсем де,
Шағадамдағы абызым,
Күйіне келген қобызым,
Ақылшым менің Ес-ағам,
Саулығыңды тіледім.
Бірақ та жөні, ағажан,
Бөлек-ау, туған ауылдың,
Ауылда жауған жауынның,
Ауылда соққан дауылдың,
Күннен-күнге жат болып,
Алыстап қалған бауырдың.
Шағадамды жайлаған
Қазақ-түрікмен қауымның.
Елге ырыс, құт болған,
Шұбалған Құба тауымның.
Сағым кезген белдерім,
Боз жусанды жерлерім
Бірге жүріп, бірге өскен
Қатар да құрбы теңдерім.
Бір көруге асық боп,
Дидарыңа шөлдедім.
Бала боп жүрдім Ақтаста,
Жігіт боп бардым Бекдашқа,
Қырандай қанат қомданып,
Қайта-қайта толғанып,
Кеудемнен өлең ұшырдым
Гюшадағы көк таста.
Тартатын қайсар дала ұлын,
Қошоба, Хасан, Шағылым,
Қулымаяк, Жаңғақта
Сыралғы достар көп еді
Қыздырған еңбек дабылын.
Қуанып бұрын айтарым,
Мұңайып бүгін айтарым:
Суалған айдын тола ма,
Аққу-қаз қайта қона ма?
Қарабұғаз – байтағым!..
Осыларды ойлап жабығып,
Аулаққа жіпсіз таңылып,
Ес-аға, сізге хат жаздым,
Сағыныш бұлтын жамылып,
Ініңнің өзің жайын ұқ...





Пікір жазу