24.07.2022
109
ШІЛДЕДЕГІ НӨСЕР
Кеткен-ді көктің түсі оңып,
Қазбауыр бұлттар жауа алмай.
Төбеде от-күн тұсалып,
Кірпігін қақпай қадалды-ай.
Осынау шақта аңдысқан
Шаптығып шықты бір құйын,
Екпінмен ерек шаң құсқан
Желпіді көктің түндігін.
Қаптады бұлттар атойлап,
Аспанды алды көмкеріп.
Көкжиекте жатты от ойнап,
Жатқандай тауды төңкеріп.
Көк жүзі кетті шатынап,
Найзағай – ұшқын от бейне.
Дүрлігіп қалды атырап
Шуылдап нөсер жеткенде.
Түскендей көктен күткені
Жадырап қалды бар маңай.
Тал, терек бойын тіктеді,
Серпілді дүние, жалған-ай.
Мұнардан аспан тазарды,
Тұр еді көптен ашылмай.
... Болар еді өмір базарлы
Нөсерлер соқса осындай.