САПАР АЛДЫНДА
Бас қосулармен, бұл өмір,
қоштасулардан құралған,
Маңғыстау болып қол бұлғап,
шақырды мені бір арман.
Жаңғақта жүріп жыр аулап,
өлеңнен өрім өріп ем,
Мұнайдың елі –Маңғыстау
шығарар ма екен құмардан?!
Көргендей бүгін, қараймын
қия алмай жүрген далама,
Туған жер, мені жетесіз,
сабырсыз ұлға санама.
Сәттілік тілеп сапарда,
тілеулес болып жата гөр,
Өлеңнен басқа ем қонбас
қияли болған балаңа.
Қия алмай тағы барамын
қаламдас, бауыр, достарды,
“Жұмысшының” бүгінгі көркі -
қаламы жүйрік жастарды.
Қоштаспадым олармен
кездесіп тұру жазсын деп,
Есімдерін қайталап,
қайталағандай жақсы әнді.
Еске алып мені жүріңдер,
тілеулестерім, ағайын,
“Қара алтынды” өлкеде
өлеңнен отау соғайын.
Маңғыстау жері қашаннан
шайырлар елі атанған,
Мың шырақ жанған өлкеге
бір шырақ болып барайын...