24.07.2022
  96


Автор: Темір МЫҢЖАС

ДАЛА

Боз дала сені мамырда,
Бұралған бейне қыз деймін.
Бозала таңның шағында
Бозторғай жырын іздеймін.
Бабаларымның көзіндей,
Боз жусанды жазығым.
Батырға біткен төзімдей
Батылға жомарт алыбым.
Батагөй шалдар о баста,
Бозқасқа шалып жолыңа,
Бозаң қыр саған таласқан
Бермеген жаудың қолына.
Боздақтар шыққан атойлап,
Болат өзекті жебедей.
Басқыншы қашып, ат ойнап,
Бейіт боп қалған төбелер.
Бұл күнде енді ырыстан
Бақытқа толды әр таңың.
Бозжайнақ ұлдар құрыш қол
Бөлеуде даңққа ертеңін.
Бозмая дала – жерұйық,
Басыма сені бақ тұтқам.
Болашағыңа сеніп нық
Бәйіт етіп өтем шаттықтан.





Пікір жазу