24.07.2022
  126


Автор: Темір МЫҢЖАС

ІНІГЕ СЫР

Заманға сай жаңартам деп үйімді,
Тастап жатсың алашаңды, киізді,
Мүлік еді ата-анаңның көзіндей
Енді міне, қажеті жоқ “үйінді”.
Білем, бүгін тапшы емессің ақшаға,
Жиһаз жидың, алдың жаңа баспана.
Ескі заттан арылам деп бұрынғы,
Байқа, көне бесігіңді тастама.
Шаңырақты ұстап қалған ұл едің,
Өзіңе айтар бұл ағалық тілегім.
Бесігіңді тастай көрме, жарқыным,
Білгенге ол, баға жетпес киелің.
Өмір-мектеп, кездеседі түрлі сын,
Өркендесін, көркемделсін тұрмысың.
Бөпе жатар бесігіңнен ажырап,
Үзіп алма, өсер ұрпақ үрдісін.
Арымас ұл үлкендермен кеңескен,
Шаңырақ бол, бақ-дәулеті теңескен.
Ал, бесігің киелің ғой, киелің,
Әулет емес, одан Қазақ елі өскен!..





Пікір жазу