24.07.2022
  131


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҚАРТ БАБАМДАЙ КӨРЕМІН

Беу, Каспийім, баба текті айбарлым,
Бастауы сен мендік шабыт-қайнардың.
Жағаңа кеп тағы, міне, отырмын
Басын құрап жазылмаған ойлардың.
Жүрегімді өлең-асау мазалап,
Бос өтсе күн өзімді іштей жазалап,
Саған келдім күйкі ойлардан арылып,
Сарайымды алу үшін тазалап.
Нәзіктік бе, жұрт ұқпаған жайды ұғам,
Сәл нәрсеге қуанам да, қайғырам.
Саған келдім, жігер берер дедім де,
Бабалардың көзін көрген бай мұрам.
Өмір деген қиын екен, мұңайтты,
Түсінер деп сенген досым сын айтты.
Саған келдім, шағаладай шарқ ұрып,
Ақ толқының көңілімді тыңайтты.
Саған келсем, қаяу-мұңды жеңемін,
Өз ісіме, жеңісіме сенемін.
Сондықтан да, қарт Каспийім, мен сені
Ой қосатын қарт бабамдай көремін.





Пікір жазу