24.07.2022
102
Алматы, міне, жасыл-желекке бөленген...
Алматы, міне, жасыл-желекке бөленген,
Көктөбе жаққа қиямен өрлеп келем мен.
Төменде қалып у-шуға толы нән қала,
Кербез Алатау қарайды күліп төбемнен.
Шулайды құстар тарқата алмай базарын,
Қылықпен ерке айтады бұлақ наз әнін.
Әсем астана, көркем табиғат – тау, өзен,
Ұмыттырғандай өмірдің мұң мен азабын.
Аймалап самал, қытықтап күннің жанары,
Ағыл да тегіл ақ жаңбыр төгіп алады.
Еске алып сонда шөліркеп жатқан даланы,
Көңілім менің, Маңғыстау, саған ауады.
Жанымды тіптен сергіте алмай өпкен леп,
Сүреңсіз болып көрініп қала көкпеңбек,
Алатауға шығып, жаңбырлы бұлтты жиып ап,
Қиял қуамын өзіңе ұшып кетсем деп.
Жете алмас саған әсемдік көзді арбаған,
Қала мен дала мен әлі тіпті бармаған.
Жүрек-аруана өзіңе тартар боздаумен,
Өзге өлкені жерсінбей өтер мен-балаң.