МАҢҒЫСТАУ
Әкемнің жыры
Кейде тыныш, кейде соғып жағаны,
Өмір – өзен тыншу таппай ағады.
Сенсіз, міне, қасиетті Маңғыстау,
Тағы да бір жазым өтіп барады.
Алтын күннің арқандаулы жоғары
Ыстық демі ұмытылған жоқ әлі.
Атыраудың толқынындай лүпілдеп,
Бойымдағы қан тамырым соғады.
Алдағыны білмес тағдыр безбені,
Зұлмат келіп, еңсемізді езгені.
Туған жерім, бейуақта сағынып,
Ойлайсың ба алыс кеткен “кезбені”?
Бір қиянға түзеп алып бетімді,
Кетіп едім қыран құсың секілді.
Қырларыңды әлі кезіп жүргендей
Шалдуарлау қара бала кекілді.
Бәрі де бар, жайым жақсы, қош күнім,
Сенсіз бірақ көңілімді басты мұң.
Неге десең, қасиетті Маңғыстау,
Қалды сенде мөлдіреген жастығым.
Әулиелім, сені ойлаған кезім көп,
Туған жерден безбүйрек жан безінбек,
Көз алдымнан жазым көшіп барады,
Жастық шағым және дағы өзің боп...