24.07.2022
  144


Автор: Темір МЫҢЖАС

ХАЛЫҚТАЙ-АҚ ХАЛЫҚСЫҢ ТІЛІҢ БАРДА

Бірінші жыр
немесе ана тілін менсінбеген жігітке
Көшеде шүлдірлеп келе жатқан екі жігітке бір қария:
«Қарақтарым-ай, қазақша, өз тілдеріңде сөйлемейсіңдер ме?!», – деп еді.
Бірі мысқылдай күлді де, екіншісі үлкен кісіге дүрсе қоя беріп, біраз сөздер
айтып тастады.Сол сәтте осы жолдар ойға оралған-ды.
Әй, әумесер серік қылған жырқылды,
Қылығыңнан шошындым мен бір түрлі.
Орныменен ақыл айтқан атаға
Көрсеткенің қалай болды сыртыңды?!
Ойға алмайтын ата-баба өткенін,
Кімсің өзің, қайда жүріп көктедің.
Кемелдігі дала сынды қартыңның,
Ақ сақалын сыйламадың, не еткенің?
Жүрген сенен өзге тілді жағалап,
Ертеңгі күн қандай ұрпақ тарамақ?
Өз халқының қасиетін ұқпаған,
Өзгені де жарытпайды бағалап.
Тәлімің бұл жанға қатты батады,
Итше қаптың алдыңдағы Атаны.
Сендейлерге билік тисе, о, тоба,
Тілін, дінін, халқын дағы сатады.
Тілім, міне есігімнен енгенде,
Көбейгенде енді оған сенгендер,
Бұған күліп қарайсың-ау, пәтшағар,
Сендей болар қастерлісін көмгендер.
Білем, саған қазіргі кез ұнамай,
Тіл тигіздің киеліме-мұрадай.
Өз жерімде өз тілімді қорғаштап
Қандасыммен тістестім-ау, құдай-ай!
Кесуге бар көктеген тіл –желекті,
Құртуға бар тарихыңды деректі,
Жат пиғылға екуміздің осылай,
Бітісе алмай жүргеніміз керек-ті.
Не таптық біз, басқаларға еліктеп,
Төрге оздырып, айтқанына көніп көп,
Олар болса ұлы тұтып өздерін
Басқа жұртты санамады халық деп
Содан бәлкім, жолымда өткен азап бар,
Жылдар болды кем түспеген тозақтан.
Енді ғана тіктегенде еңсемді
Шот салуда сендей шала қазақтар.
Маған ауыр, оңай тимес саған да,
Жеңісім мен жеңілісім бәрі алда.
Ал, тілімді қорлар болсаң айтарым –
Екі қолым кетер сенің жағаңда!
Екінші жыр
немесе соқтықпа ана тіліме «Лада» дейтін газеттегі «Возвысить степь не унижая горы» атты қазақ тіліне қарсы мақаланы оқығанда жазылған-ды.
19.09.2002.
“Өзім қазақ қазақшаны білмеймін,
Сондадағы осал емес, дүрдеймін”,-
Деп көкіпті бір жорналшы газетте
Мұндайларға жауабымды үзбеймін.
Мақтаныш па, өз тіліңді білмеуің?
Ол аздай-ақ, көпті соған үндеуің.
Құдайым-ау, кімге күліп отырсың?
Дұрыс еді мұнан да итше үргенің.
Жүргендейсің басқа тілді жарылқап,
Жатқан жоқ па сенсіз-ақ ол барыңды ап.
Осы тілде шүлдірлеп жүр ұл-қызың,
Осы тілде сен де жүрсің барылдап.
Сендей жандар ауру сынды жұқпалы,
Дей алмаймын мені жұртым ұқпады.
Ана тілім жаяды әлі-ақ желегін
Топырағында өз тамырын нықтады.
Басымыздан білемін бақ сан ауды,
Сондықтан да көңіл әлі қаяулы.
Азабың мен тозағыңның не түрі
Өшіре алмас жүректегі алауды.
Көсілесің көбік сөздің желімен,
Түскендейсің сонау аспан елінен,
Кім болсаң да, соқтықпа Ана тіліме,
Өлсең-дағы өлген дұрыс жөнімен!..
Үшінші жыр
«Трижды убивает свою нацию тот, кто игнорирует родной язык».
Гегель
Сені ұқпады, тіпті де ұғынбады,
Зар үніңе құлақты тығындады.
Жұдырықтай жүрегім – бозторғайым,
Бауыры отқа күйгендей шырылдады.
Көкпардайын додаға тағы түстің,
Топырағыңда күй кештің бейне мүскін.
Кеудемсоққа жайыңды ұқтыра алмай,
Елден безіп кеткім кеп зәһәр іштім.
Босағадан сығалап әлі жүрсің,
Түсінбеген түсінер деймін бір күн.
Өрімталым, желегің солмасын деп,
Ақ жаңбырша селдеймін дүркін-дүркін.
Мен сеземін, кетерсің тамыр тартып,
Жармасқандар шаң қауып, қалар тантып.
Шын жоқтаушың лек-лек боп шығар өсіп,
Бүкіл түркі қарайтын сенім артып.
13.05.1995.
Төртінші жыр
немесе бір алқалы жиыннан кейін жазылған өлең
Парықсыздар қойды да сынақ қатты,
Сөз-сойылмен қақ бастан бір-ақ тартты.
Жанұшырып, өз сөзін өткізе алмай,
Ана тілім алқадан жылап қайтты!..
Езгісінен ессіздің жаншылғандай,
Көк сүңгіге жүрегі шаншылғандай,
Ардағым-ай, қамығып жылап тұрды
Оразбайлар Абайға қамшы ұрғандай.
Тіл жойылса- ісіңнің қараң бәрі,
Қайран көңіл, қан жылап алаңдаулы,
Ендігәрі ағайын абай болғын,
Батыраштар көркеуде араңда әлі!..
Тілін, дінін жүр әне, жерлегендер,
Деміне қара шайды демдегендер,
Желтоқсанда өктемнің сөзін сөйлеп,
Бұл ісіне әлі мән бермегендер...
Елміз дейміз, он жылдық белестегі,
Тәуелсіздік даңғаза елес пе әлі?..
Ана тілің, беу, қазақ, ойлашы өзің
Ақ сүт берген Анаңыз емес пе еді?!.
...Қақпақылға өз тілін салған ұдай,
Биліктіден көңілдің қалғанын-ай!
Мәртебесін мәреден асыра алмай
Жылап қайтқан алқадан ардағым-ай!..
07.12.2001.
Бесінші жыр
немесе бар қазаққа
Халықтай-ақ халықсың тілің барда,
Ал, біреулер мұны әлі ұғынбауда.
Өзге тілге көңілді бұрып тұрып,
Арасында салады құр ойбайға.
От басында орысша шүлдірлейді,
Түлкідейін жымын да білгізбейді,
Қомсынады қазақша жазылғанды
Қолдан келсе маңынан жүргізбейді.
Құмар әркез басқа тіл үйренуге,
Қара басып өзінен жиренуде,
Білсеңіз сондайлардың кесірінен
Қасиетті тіліміз күнде өлуде.
Өзімізді өзіміз жұбатамыз,
Мақтанамыз, мақтауды ұнатамыз.
Әсірешіл әдеттен арылмасақ
Тілімізді құрдымға құлатамыз.
Осынау жай айдан да анық бүгін,
Бар қазаққа келеді соны ұқтырғым.
Жоқты бар деп жүргенде бір күндері
Жоғалмаса болғаны халықтығың...
Алтыншы жыр
немесе қазақша ән
Жұма күні. Соңғы автобус, кешкілік,
Қара жолда алдан самал естіріп,
Жүйткиміз біз, бағытымыз – Жаңаөзен,
Шопыр жақтан шуылдақ ән естіліп.
Автобуста отырғандар қазақ кіл,
Сөйлесеміз, аузымызда – қазақ тіл,
Ал, құлақта даңғазалы шетелше ән
Біле білсек түсінгенге азап бұл.
Күмбір күй мен әсем әнді жалмаған,
Шуылдаққа неге үйір жұрт сарнаған?!
Өзіндегі саф алтынды мыс көрген
Шопыр жаққа қарап, үнсіз ойланам.
«Өшір үнін болмаса егер қазақша ән», –
Деген дауыс жұртты артқа қаратқан,
Айқай сап тұр ақ қалпақты нар қазақ:-
«Құтыламыз қашан мұндай мазақтан?!»
Селт етпейді, ол да қазақ-шопырың,
Абайсызда қасығандай қотырын,
Ыршып тұрып, шөпжелке қыз тіл қатты:
«Ұят қайда, ағай, тыныш отырың».
Күңкіл-сүңкіл, өз пікірін айтты әркім,
Нар қазақта жігіт екен батыл үн,
Тұра келіп айтып жатыр шопырға:
«Мәңгүртсің-ау, санаңды алған жат ұғым».
Ақ жаулықты ана түсті араға,
«Әй, жігіттер ұқсамаңдар балаға,
Туған тілін ұғынбаған жүрекпен
Санасызға сан айтқанмен бола ма?»
Осы бір сөз батса керек жанына,
«Кінәлімін, қазақша әннің жоғына,
Бұл жай ғана ұйқыашар ғой»,-деп шопыр
Өшірді әнді, көпшілікке бағына.
Күндер өтті көлеңкеден қорқатын,
Күндер жетті қазақтығың артатын,
Туған жерде, қара жолдың үстінде,
Қазақ әнін шырқа енді, бар хақың!..
Тілімнің бұл шын санатқа енгені,
Ашады ұрпақ әлі-ақ алтын көмбені,
Жол үстінде жаңғырығады күні ертең
Қазағымның көркі қайтпас әндері.
...Оу, шопырым, жолаушымен жарасып,
Жүргің келсе, даудан басты ал, ашып.
Жолға шықсаң серік етіп өзіңе
Ең алдымен Қазақ әнін ала шық!..
Жетінші жыр
Жарай алмай халқыңның керегіне,
Айналып көне тарих дерегіне,
Қайран тілім, аса алмай босағадан,
Қалармысың өгей боп өз еліңе.
Өшермісің, сен әлде өсермісің,
Көркемдікпен көкейді тесермісің,
Жолыңдағы бөгетті тас-талқан ғып,
Заманалар көшімен көшермісің?!..
Ғасыр жетті қазаққа алтын деген,
Өсер бәлкім, сенің де нарқың ерен,
Алтыныңның құны да қара бақыр
Қалар болсаң қажетсіз қалпыңменен.
Ана тілім-ардағым, жарқын таңым,
Бүгінгіден артар ма, нарқың, бағың?!
Ұғынар ма қазағым бір кісідей,
Тілім болса, тәуелсіз халқым барын.
Басыңа қонса дағы ғажап күнің,
Бәрінен биік тұрсын Қазақтығың,
Ана тілім алшаңдап төрге озған күн,
Айтармын мен, келді деп
Азаттығым!...





Пікір жазу