ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫНА
Қай елге де ұлы мұрат-Азаттық,
Қазағымның бағы жанды, бостан ол.
Тайқы тағдыр ойнаса да мазақ ғып,
Еркіндікке омырауын ашқан ел.
Тұлпар уақыт тізгін бермей алға ұшып,
Ағып өтті одан бері жиырма жыл.
Жас пен кәрі әр сәт сайын алмасып,
Күні жетсе құбылатын өмір бұл.
Ей, жас өрен, жиырмадасың сен дағы,
Қасиетті Тәуелсіздік құрдасы.
Өз қолыңда болашақтың байрағы,
Уақыт бөліп, айтарымды тыңдашы.
Қазақпыз біз от пен нұрдан жаралған,
Түпкі атамыз сақ дейді, ғұн дейді,
Қандай қиын шақта да өсіп-өне алған,
Тарихымыз ел болуға үндейді.
Бұтағымыз алып дарақ түркінің,
Атажұртта қалған алтын қазығы.
Ғұламалар таратады бар тінін,
Оған дәлел тасқа жазған жазуы.
Сан кешсе де жаугершілік заманын,
Ар-намысын құлатпаған биіктен.
Ел болудың ойлап небір амалын,
Біздің қазақ жұдырықша біріккен.
Қарсы тұрған жоңғарға да қалмаққа,
Бұғауында ширығумен үстемнің.
Алауыздық түсіріп кей қармаққа,
Ортақ жауға қарсы тұрар күш кем-ді.
Сонда дағы қайыспастан күресті,
«Елім-айлап» қайта тұрған қазағым,
Біріккенде дұшпандардың үні өшті,
Серпе білді қияметтің азабын.
Қарсы шығып, ханыңа да патшаға,
Қаймықпады ату, асу, айдаудан.
Қырылып қап,қаны судай ақса да,
Танбады еш азаттықты ойлаудан.
Осы жолда шаһит болды ерлерім,
Оның бәрі тарихымыз хаттаулы.
Он бес елмен одақ болып «мызғымас»,
Шикізатты өлке атандық мақтаулы.
Жетпіс жылдай бағынумен Мәскеуге,
Ұмыт бола жаздады тіл, дәстүр де.
Сананы да құрсаулады «измдер»,
«Теңдігіміз» болып шықты бет перде.
Бет пердені сыпыратын күн туды,
Қайнаған кек жанартаудай сілкінді.
Мың тоғыз жүз сексен алты, желтоқсан
Алматымда жас қазағым бұлқынды.
Найзағайша жарып өтті бұлтыңды,
Білмеді олар ештеңеден үркуді.
Үстем күшке қарсы атылды барыстай
Зымиян ойлар көздесе де құртуды.
Құрта алмады, ұшқын оттай лаулады,
Шарпылды отқа Одақтың кей аумағы.
Бакуменен Тблисиде, Ригада,
Желтоқсанның батырларын қолдады.
Бастауы бұл-бостандықтың, елдіктің,
Арманы бұл-бодан болған сан жұрттың.
Өтеуі бұл-қан мен тердің төгілген,
Жетуі бұл-қазағыма теңдіктің!
Бес жылдан соң азаттықтың таңы атты,
Ең бастысы қазағымның бағы артты.
Қазақстан егеменді ел болып,
Түбірімен қоғамды да жаңартты.
Десек дағы бұрынғы одақ тарқады,
Мүмкін болмай кеңге салу арқаны.
Азаматты тыншу тауып жатқызбай
Әр қиырға салып қойды ел қамы.
Талай сыннан өтті еліміз сүрінбей,
Қадамы нық, еркін жұрттың біріндей.
Іс біте ме ерлер білек түрінбей,
Нар жолында жүк қала ма бүгілмей?!
Деген болды: « өнбес іске бағындық,
Баяғы өткен марғау кезді сағындық,
Өзгелермен иықтаса жұлынбай,
Келе жатқан жолымыздан жаңылдық».
Қиын кезден өткен халқым сыналып,
Мұндай ойды құп көрмес-ті, бұл анық,
Биік тұтып тәуелсіздік байрағын
Мақсат білді ел болуды құралып.
Дес берместен бос уақытқа, ағымға,
Бар мұратын айналдырмай сағымға.
Болашаққа жасап жатыр нық қадам,
Қазақстан өркені өсіп, дамуда.
Тәуелсіздік бақытым да мерейім,
Сен тұршы тек,бар қиынды жеңейін.
Сен тұрғанда асқақтаса қазағым,
Бар бақытым өзің демей, не дейін?!
Ей, жас өрен тәуелсіздік құрдасы,
Ертең дағы елеулі іс көп, бұл-басы.
Ата-бабаң бар ғұмырын сарп еткен,
Отан жайын ойлаудан бір тынбашы!
Біліп өсші бостандықтың қадірін,
Халқымыздың салтын, тілін, нанымын.
Қайда жүрсең, бір сәт естен шықпасын
Отан деген оттан ыстық, өр ұғым!