24.07.2022
  106


Автор: Темір МЫҢЖАС

Жүйрік жылдың белгілі ғой тұрмасы...

Жүйрік жылдың белгілі ғой тұрмасы,
Келді Наурыз, келді, міне, жыл басы.
Кәрлі қыспен қоштасуға асығар
Қазағымның қашаннан ол мұңдасы.
Наурыз келді, шұғыла бөккен реңі,
Жан иесінің бұл айды хақ сүйері.
Жаңа ғана бүршік атқан тірліктің
Маңдайынан күннің нұры сүйеді.
Наурыз келді, түрлене ме әз-далам?
Шіркін, жаңбыр жауар ма екен аздаған.
Аруана-қыр алауласа күні ертең,
Менің жаным бота болар боздаған.
Құс әніне толып кетті бау, дала,
Көктем лебі сезіледі қайда да.
Кәрі терек дәурені өткен қарт сынды
Самал желге бас изейді жай ғана.
Наурыз келді, жыл есебін бастады,
Мәре-сәре тойлап жатыр жас-кәрі.
Тойлап жатыр, ал төбеден мөлдіреп
Қарайды кеп туған елдің аспаны!





Пікір жазу