24.07.2022
  195


Автор: Темір МЫҢЖАС

ҰРПАҚ ҮНІ

Тас қорымдарға айналып,
Жатсың ба, баба, жайланып.
Мінәжат етем о, аруақ.
Кешеңдеу қайта ойға алып.
Төбемнен заман торланып,
Ұрпақ ем жүрген сорланып.
Балапаныңбыз, әулием,
Ұша алмай жүрген қомданып.
Үстемдік көріп жасқанып,
Жанардан мұңлы жас тамып,
Бар тапқанымыз даурығып
Бас шұлғулардан аспадық.
Күн кешіп ырду-дырдумен,
“Бұл күндер бақыт, нұр” деумен
Уақытты алтын өлтірдік
Мастықпен және мүлгумен.
Көсем деп білдік олқыны,
Шешен деп білдік таңқыны.
Иіріп қойша жалпыны,
Көтердік көкке жалқыны.
Билікті беріп қыртыңа,
Көндірдік көпті ырқына.
Жоғарыға қарап бас шұлғып,
Шығарды ол қолын жұртына.
Асылымызды айдадық,
Жасығымызды сайладық.
Ақыл сөз айтар көмейден
Суырып тілді байладық.
Жоғалып дінім, иманым,
Дөкірлік болды жиғаным.
Ұмытып қазір барамыз
Атаны бала сыйлауын.
Жойылып ұлттық сипатым,
Қазаққа келмес тұрпатым,
Шүлдірлеп бәрі тұрғанда
Артады жүрек сырқатың.
Еліңді сөйтіп тоздырдық,
Тұлпардан тұғыр оздырдық.
Жер бетін жайлап барады
Мейірімсіздік пен озбырлық.
Өшпеген енді қалды нем,
Тобырды қалай сендірем.
Шапағатыңды бер Ата,
Оу, Бекет, қолда әулием,
Пір Бекет, қолда әулием!





Пікір жазу