Сіз барда...
(Рымбек Жұмабекұлына)
Балалықтың бал күндерін сезбедің,
Естімедің әкенің де сөздерін.
Жастайыңнан жетеледі жетімдік,
Жасқа толып жалын атқан көздерің.
Тәттісі емес, өмір тосып қаттысын,
Басқалардай тілемедің бақ күтім.
«Жоқтық» деген сөзбен бастап жолыңды,
Аштықпенен бастың тірлік басқышын.
Өзіңді-өзің жетеледің, жеткіздің,
Туыстың да бар мен жоғын кеш білдің.
Ешкімге де салмағыңды салмадың,
Есігін де көп ашпадың ешкімнің.
Алпыс жасқа келдің аға осылай,
Қарттыққа да қарсы тұрып шошымай.
Құрма жеңгей құты болдың үйіңнің,
Құдайымның оны дұрыс қосуы-ай!
Тап-тамаша тауып беріп ұл-қызды,
Құрма сізді құт дарыған үй қылды.
Тақта отырсыз әлі бірақ өзіңіз,
Тақымдағы тартып қойып тізгінді.
Біз, туыстар, мақтанамыз осыған,
Жанарыңнан белгі көрмей жасыған.
Дәм-тұзыңыз таусылмасын алда да,
Дәніңіз де азаймасын шоқыған.
Жылды қосып жылжып өткен жылдарға,
Ту болдыңыз туыстарға, туғанға.
Түзу ұшар інілердің түтіні,
Алдымызда асыл аға Сіз барда!
Жар дегенде жалғыз аға Сіз барда,
Мұрнымызды шүйіреміз мұз, қарға.
Өзіңіздей жанашыр жан жүргенде,
Өзге туыс құя алмайды су қолға!
Тоң көңілдер тоңдырғанда сананы,
Сізді көріп жүрек оттай жанады.
Алпыс жасты ат қып мініп ағатай,
Дүбірлетіп шаба берші даланы!