Эпитафия
(Қазақстанның екі дүркін түйе палуаны Мағау Тайтөлеуұлы Оразбектегінің
рухына бағыштадым)
Құз құласа құлар-ау, тау жығылса жығылар,
Ел намысы жығылмас Мағау сынды ұлы бар.
Деуші едім ғой, деуші едім, арысымды алардай,
Атың өшкір ажал-ау, қай әкеңнің құны бар?
Тартылса өзен тартылар, қураса жер қуарар,
Ел көңілі суалмас, Ері барда жұбанар.
Деуші едім ғой, деуші едім, қоштастырмай Мағашпен,
Қан жұтқызып кеттің-ау, қас-қағымда, сұм ажал!
Жауырыны жер сызбай, жеңіс бермей ешкімге,
Өнеге боп тұратын өсер ұрпақ, өскінге.
Айналайын, Мағашым, айбынындай халқымның,
Келмес сапар есігін тарс жауып кеттің бе?!
Өзің мінген жорғаға сылдырлатып үзеңгі,
Ел алдында тайпалтып мінер екен кім енді?
Атам қазақ жауына «Абылайлап» шапса егер,
Аруағыңды сенің де шақырармыз біз енді!
Манарбек, Шалқар шаң қаппас өзің демеп жебеген,
Берік, Бейсен, Бегалы көрініп жүр сөреден.
Зекен, Шыңғыс сияқты ізбасарың тұрғанда,
Тірілермен қалайша теңелмейді терезең!
Сен тірісің, Мағашжан, көңілде де, көзде де,
Шәкіртіңмен жетесің жеңіске де, көмбеге!
Тұғырыңды ту қылып туған елің көтерер,
Намыс оты сөнгенше нар идірген кеудеде!