Ақ мазарлы ана
(Айпара анаға мазар тұрғызылғанда оқылған өлең)
Шынжыр балақ, шұбар төс ұл да туған,
Тоқпақ жалды торайғыр ұл да туған.
Айналайын ақ анам, Аппақ анам,
Ай сығалап, күн күлген сырғасынан.
Алдыңа мың иіліп келіп тұрмыз,
Айрылып қалған жандай қымбатынан!
Кеше ғана мал жайып төбеңізге,
Текті ұрпақ теріп еді тезегін де.
Өгей бала сияқты жаутаң қағып,
Жатушы ең өзің тапқан өз еліңде.
Енді бүгін еңсеңіз көтеріліп,
Енді бүгін білінді керегің де!
Бұл жерден Құнекең де мал айдаған,
Ат шалдырып, тыныққан Абай бабам.
«Ескі мола жаңармау керек» деген,
Ескі сөзге бәрі да қарайлаған.
Сөйтіп, Анам, ақ Анам, аппақ Анам,
Жалаңаш жатып едің талай заман!
Туса да данасын да, дарасын да,
Ана өкпесін артпайды баласына.
Бөтен кісі сияқты жаттың сөйтіп,
«Бөкенші» өзенінің жағасында.
Бәлкім, әлі жата да берер ме едің,
Тірлік көміп ұрпақтың көген көзін.,
Бәлкім, мәңгі ұмыт боп қалар ма едің,
Өнеге боп шықпаса өрендерің.
Шықты ұрпақ шымырлап ой, санасы,
Шықпай қалды тағы да қаншамасы.
Кейбірінің бұл елге қатысы жоқ,
Жоқ және бес бересі, алты аласы.
Сонда да соңына ертіп дүйім жұртты,
Танытып ізгілік пен білімдікті.
Қол бастаған батырдай ой бастады,
Қонысбайдай қолы ұзын ұлың мықты.
Мұндайда таса қалар Тасболат па,
Тағы да ие болды ақ қалаққа.
Кейбір ұлың баспа ғып жата қалды,
Жеткізбейтін алдынан ақша қашса.
Би атамдай билікті айтпаса да,
Халқы үшін қажымайтын, қайтпас аға.
Мен мұндалап Медалбек шыға келді,
Аудандағы айтулы ақ босаға!
Есенғали бауырым – ел киесі,
Бақытхандай бауырым – жер иесі.
Ақ үй тігіп, ас беріп жатты анаға,
Уық қадап, немере, шөбересі.
Біткен іске көз сыншы, көңіл қазы,
Оңай емес бір шеге қағылғаны.
«Әйтпес пе, бүйтпес пе» деп кінә тағып,
Кейбіреулер кергиді ауылдағы.
Айнайлайын ақ анам, аппақ анам,
Мен оларды оңдырмай боқтап алам.
Ағайын ақылға-кен, іске-кенде,
Боқ дүние санасын бопсалаған.
Дайын асқа даяшы көп табылар,
Жұтынады жұрт мынау асқа құмар.
Қоразданып жүр, әне, кейбір ұлың,
Қосқаны бар, алда да қоспағы бар.
Оның бәрі, Анашым, аздық етер,
Кезің келді санаға мәңгі көшер.
Мына заман мықшитып бара жатыр,
Арты-ақсақ, жарымжан, алды-мешел!
Көріп ең талайлардың қас-қабағын,
Сезіп ең таптап өткен көп табанын.
Айналайын ақ Анам, аппақ Анам,
Алаулап тұра берсін ақ мазарың!