Той үстіндегі толғаныс
(Кәмен Оразалинге)
Тырналап тырнақ көбесін,
Жұлмалап сөзді сөгетін.
Көретін кезде көрмейтін,
Көрмейтін кезде көретін.
Жұрт не десе о десін,
Арыңның аппақ кемесін.
Толқынға соқпай келесің,
Толтырып тұрған тағы өзің,
Тозбайтын кітап сөресін,
Омырауыңа оқ тескен,
Жинап ап барлық жел өтін.
Өзімде Сіздей шың тұрса,
Өзгенің қайтем төбесін?
Жұрт не десе, о десін!
Архивің болды өз көзің,
Шежіре, тарих термедің.
Мың жылға жетер мұрадай,
Мұхаңа ерген кездерің.
Ұлы Абай еді-ұраның,
Ұялтып оны көрмедің.
Қорғасын болып құйылды,
Қолыңнан ыстық сөздерің.
Сексенге, міне, келіпсің,
Семсердей өткір зергерім!
Жантықтар берген сүйрелеп,
Жалғандау атақ кімде жоқ?
Таланттар қалды тасада,
Талантсыз жандар кимелеп.
Жүргенге жөргем ілінсе,
Жүз көрсе жүйткір жүлде көп.
Атақ та қазір-омарта,
Аралар жатқан үймелеп.
«Халықтық» деген сөзге де
Қадірлі бірақ тіл керек!
Тіл де бар Сізде, ой да бар,
Бойлатып кетер бойға нәр.
Сіз емес барға малданар,
Сіз емес азға алданар,
Сіз емес жатып жан бағар,
Сіз емес сақал саудалар,
Тобықты деген елденсіз,
Толқынды күшпен топ жарар,
Тастан да таспа тілдіріп,
Тауды да баудай аударар
Өзіңдей аға қайда бар?!
Руға бөлмей тәнімді,
Ұлтшыл ғып бұзбай қанымды,
Ұшықтап берген жанымды,
Өзіңнен алғам тәлімді.
Өзіңнен алғам арынды,
Өзіңнен алғам дарынды.
Ел үшін қалай сөнуді,
Ел үшін қалай жануды,
Бәрін айт та, бірін айт,
Кәменшіл жанмын кәдімгі!
Өкпе жоқ менде, бауыр бар,
Жүрек бар бәрін ауырлар.
Бүйрек бар бұра тартпайтын,
Бүйідей өтте зәрім бар,
Оны да жылы жабыңдар.
Бөлтірік – көңіл «қыңқ» демес,
Бөлшектеп жатса азулар.
Сексенге қалай жеттіңіз,
Сізге де кейде таңым бар?!
Тереңге тартқан тамырын,
Ау, ағатай, абызым,
Өзгерсе өмір өзгерер,
Өзгермес бірақ қалыбың.
Асылдың Сізсіз тұяғы,
Асығы емес жабының.
Халықтық атақ алмадың,
Халықта бірақ қадірің.
Шығандап көктен шаша бер,
Шыңғыстау жақтың жарығын.
Қайтармасын Алламыз,
Қаламыңның қарымын!