Салыстыру
(Сайлау Кошкинге)
Шыңғыстың шың, құзынан иіс алған,
Таңдайына «тақырдың» нұры тамған.
Сүт болса айранды кім ұйытпайды,
Судың өзін айрандай ұйыта алған.
Тіліп түсер тілінен пышақ қашқан,
Ірі сөзді ілезде ұсақтатқан.
Өзі барып ешкімді құшақтамай,
Өзгелерді бірінші құшақтатқан.
Азулының алдында аласармай,
Тап берсе, табан асты таласардай.
Қабағына қаратқан жампоздарды,
Жас бураны жасытқан кәрі атандай.
Облысты құшаққа орап алған,
Оң-солын жастай танып, жарап алған.
Ақыл, қайрат, айланың бәрі де бар,
Бойында доптай болып домаланған.
Көкшенің көп жақсысы көсем еткен,
(Боқташағы болса да өсек ерткен)
Жек көрген адамына желке беріп,
Төскерген досына ат жетелеткен.
Айналып ауылының мырзасына,
Елінің бола білген құлжасы да.
Бас шайқар байлығы да шалқып жатыр,
Бір ғасырға жететін бір басына.
Даланың Оразбайы қазіргі осы,
Қаланың Қаражаны қазіргі осы.
Қара Ертіске барады қаптай ағып,
Қошкеңнің Сайлауының қалың көші.