24.07.2022
  103


Автор: Төлеген Жанғалиев

Тоқсанның толғауы.

(Жағыпар Жүнісжановқа)
Таң шығындай мөп-мөлдір тап-тазам-ай,
Таң нұрындай алдымнан шашқан арай.
Қанша жасқа келсе де қысы-жазы,
Жап-жасыл боп, тұрмай ма, қарт қарағай.
Сол сияқты соқса да қанша дауыл,
Дертті жеңу болса да қаншама ауыр.
Тоқсан жасты келтірмей тобығынан,
Жақаң ағам жарқылдап ортада жүр.
Көзәйнексіз көреді алдағысын,
Қолтықтатпай ешкімге қозғалысын.
Ойын-тойдың жүреді ортасында,
Елінің тірлігінен қалмау үшін.
Білгенге – бір батасы бір қаралық,
Тақылдайды таңдайын қырнап алып.
Сөз шырағы сөнбейді ешқашанда,
Сөреге жиып қойсаң жылнама ғып!
Батаны да береді баталы адам,
Алладан ар-иманы босамаған.
Елбасының өзіне ел атынан,
«Ерім» деп бата берген Жақаң ағам.
Тарихта қалды деген осы емес пе?
Ел, жұрты есті сөзін көсем етсе.
Жақаң қарт жалғыз ұлын жетелеп жүр,
Басқа шал баласына жетелетсе...
Құдайым, осы қалпын көп көрмесін,
Төрден асып, ағамыз төске өрлесін.
Жеңістің жетпіс жылы жақын қалды,
Жақаңсыз оны халқым өткермесін.
Тегінен тектілік бар тұлғасында,
Бір елдің тарихы бар бір басында.
Жақаңды жарты жолда қалдырмайық,
Жабылып жеткізейік бір ғасырға!





Пікір жазу