24.07.2022
  86


Автор: Төлеген Жанғалиев

Құбыла

(Арап Сіләмұлы Еспенбетовке)
Ұлан дала сияқты ұзын ағам,
Бойына сай ойы да биік адам.
«Ағалап» арттан ерген інілерге,
Аумайды адастырмас құбыладан!
Құбыла – Құдай көзі жерге біткен,
«Адамдар арылсын» деп пенделіктен.
Алланың ақ жолындай Құбыладан,
Аттап кете алмайсың өзге күшпен.
Ол барда төрт құбылам түгенделіп,
Ат үстінде отырам жүген керіп.
Арекең Тобықтының бел баласы,
Арғын, Найман жүргенмен иемденіп!
Көп болса ол Арғындарға күйеу шығар,
Найманға сүйеу шығар, жиен шығар,
Шыңғыстау топырағынан айналайын,
Шығаңдап көк шарлайтын қыран туар.
Бұл сөзімді жақтырмас көп құлағы,
Надан адам руын көп қуады.
Алайда, Арап сынды ағалармен,
Бір аспандап алғым да кеп тұрады.
Біздің ел – білген жұртқа білім кені,
Жеті қат жерді жарар дүбірлері.
«Жалп» етіп сөнгендері қайта жанып,
Жалғанып жататұғын үзілгені.
Тегінде, тектілік те Құдай сыйы,
Құрсағынан шығатын Құран тілі.
Бір сөзінің болмайтын бір кемшіні,
Бір ойының болмайтын бір артығы.
Абайлап сөйлеп кетсе, арнасы кең,
Шәкәрімдей толғаса, ойға-шүлен.
Мұхтар баба мұратын көп іздейтін,
Кешегі Қайым-ұстаз жалғасымен.
Сұлтанмахмұт ақындай Күн болатын,
Күн болмаса, білімге құл болатын.
Арекеңнің қасында бір күн жүрсең,
Алты алаштың жұртына сыйланасың!
Жетпіс жасқа жеткенде сол Арекең,
Деп жатырмыз бәріміз «дана», «көсем»,
Тоқсан жасқа келгенде «тоңқаң» қағып,
Ағамыз аттан түсіп қала ма екен?
«Қалмасын», «қайраттансын» деп тілейік,
Жүз жасын да той қылып өткізейік.
Білімнің құбыласын білдің халқым,
Соған қарап қашанда бет түзейік!





Пікір жазу