24.07.2022
  136


Автор: Төлеген Жанғалиев

Айқай

(Медеу Сәрсекенің 80 жылдық тойында оқылған өлең)
Тау суындай таусылғанда көз майың,
Татырауындай болған кезде таңдайың.
Сексен жасқа сергек кепсің, Ағатай,
Ай бетіндей жарқ-жұрқ етіп маңдайың,
Сол тойыңда айқайға бір басайын,
Ең болмаса елге жетсін айғайым!
Біздің «айқай» қой қайырған қойшы үні,
Қойшылардың ескерілген қай тілі?!
Бағаланып балдырлар мен балшықтар,
Бағаланбай жатқан кезде алтыны,
Саған аға, көп көлеңке түсірді-ау,
Саяз ойлы саясаттың салқыны!
Нең бар еді, Имантаев Қанышта,
«Халық ұлын қалдырам» деп тарихта.
Қайда жүрген «қасқалар» мен «басқалар»,
Таланттарын Сізден бұрын танытса,
Арпалысып өзің әрең шығардың,
Алдыменен оқытып ап орысқа!
Нең бар еді, Евнейде ел сүйген,
Ермаханда елі «жау» деп өлтірген.
Соның бәрін жаздың, талдың, таусылдың,
Жалғыз жүріп, жағаласып дертіңмен,
Астанаға бәрібір де жақпадың,
Арғын тігіс, алаш таныр бөркіңмен!
Мемлекеттік сыйлық – сізге көп пе еді,
Өлі оянып, жанған кезде өшкені.
Қайым, Кәмен, Медеулердің еңбегі,
Елге жетіп, жетесізге жетпеді.
Көк құдайы көмек қолын бере ме,
Көкке қарап ұлығанмен көкбөрі.
Қойшы бәрін, ау, ағатай, қой бәрін,
Мақтан емес мақсат етіп қойғаның.
Алты Алашқа тарап жатыр бүгінде,
Ақ Ертістің толқынындай ойларың,
Халық ұлы Қаныш қалды тарихта,
Қаныш қалса, өзіңнің де қалғаның.
Деп айғайға бассам аға, не дерсің,
Көңіл бүгін көк шарлаған көгершін.
«Кемеңгерлер» ұнатпаса, ұнатпас,
Келер ұрпақ іздеп оқыр кемелсің!
Сексеніңе тойға келген ағайын,
Тоқсаныңды ел боп тойлар көрерсің!
Тосыңыз!





Пікір жазу