24.07.2022
  93


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ақын рухымен сырласу.

(Төлеужан Ысмайыловқа)
Қара сөз де, тіліп түсер тіл де бар,
Қайғы жұтқан Қарауылды бүрді ажал.
Құзғын құсап құжынаған жемтікке,
Сұңқылдайды көгімізде сұм хабар.
Жойылғанмен атом деген алапат,
Ұрпақтарың одан сайын уланар.
Өзің айтқан «барандардың» баласын,
Бастан сипап, ау, ағатай, кім жазар?!
Өзің ішкен суық арақ, у арақ,
Басымызды әлі жатыр дуалап.
Қыл шылбырға қылқынатын балаға,
Тумай жатып қайдан келді бұл азап.
Әкесінің сақалынан алады,
Әпербақан, сотқар ұлы туа жат.
Жүйкесіне ақау түскен жүз пайыз,
Қыз-келіншек ұрысады тұра қап.
Олжас айтқан «орыстардың» атомы,
Абай елін өле-өлгенше сынамақ.
Қара желі қан қысымын көтеріп,
Қарауылдан күнде шығар екі өлік.
Аруақтарға ауызын сипай салады,
Ажалға да кеткен елдің еті өліп.
Бесіктегі беу-беулеген сәбидің,
Бетінен қан көрінбейді жөтеліп.
Дерт жайлаған «Дегелеңнің» бауырын,
Тастай қашса, қас-қағымда кеше жұрт.
Қорқыт құсап қаша бермей ажалдан,
Арқамызды біз өлімге төседік!
Ау, ағатай, «жыр жаз» дейсің, жыр қайда,
Өміріміз толып кетті шимайға.
Жас ұрпақтың жарты жаны жарымжан,
Бар салмағы батады кеп шымбайға.
Ұлы Абайды оқымаған ұлықтар,
Біз сияқты білгіштерді тыңдай ма?
«Егеменді Ел болдық» деп жүргенмен,
Ел тілегі келмей жатыр ыңғайға.
Абай менен Абыралы ел-жұртын,
Ауруынан айықтырар күн қайда?
Жырып берер ауызымыздан түкте жоқ,
Жынды болып кеткен артық мұндайда!
Ау, ағатай, көріп өмір қапасын,
Алашының алмай кеткен батасын.
Мұқағали Мақатаев айтқандай:
«Ақын бар ма, дәл өзіңнен асатын»,
Кісілігі кісінеген адамдар,
Алшысынан түсіре ме, сақасын,
Енді бүгін аңғал елім аңырап,
Аруанадай жоқтап отыр ботасын.
Ал сен болсаң «Абыралы» тауынан,
«Алатауға» өрлеп бара жатасың,
Мола қазып өлмей қалған өлеңің,
Барады ағып шаң жұқтырмай шашасын,
Қапа қылмай қандас бауыр, туысты,
Қайта туған тіршілігің жасасын!





Пікір жазу