24.07.2022
  113


Автор: Төлеген Жанғалиев

Ағаға ақ жарылу.

(Амантай Мұқатайұлына)
Апыр-ай, Сізге қалай «жетпіс» берем,
Ақиық қырандайсыз көк тістеген.
Қасқайып қарағайдай өсіп тұрсыз,
Шөл далада бір кезде шөп бітпеген.
Апыр-ай, Сізді қалай қартқа қосам,
Жанарың әлі шоқтай жалт қарасаң.
Төрдегілер ығысып төр береді,
Төрлеп келе жатқандай Көкбай атам.
Ата қаздай қомданған ұшпай жатып,
Нығыздап, аяғыңды нықтай басып.
Аппақ болып киініп Сіз тұрғанда,
Құрдастарың құр қалар тұштаңдасып.
Жасанды мінез алмай Жасағаннан,
Басыңа бала кезден бата қонған.
Ағатай, алшаң басып жүре берші,
Алланың нұры арылмай босағаңнан.
... Біреулер бай адамды жақтырмайды,
Жүрдім-бардым жүрісін бос пұлдайды.
Ақыл, қайрат, намысы жоқ адамның,
Ішіне ешқашанда ас тұрмайды.
Байлық та ақылы бар басқа бітер,
Ақылсыздар еңбексіз ақша күтер.
Бар мен жоқтың бағасын білген ғана,
Бақыттың күрең шайын баптап ішер.
Ағатай, Сіз де бүгін бар адамсыз,
Байлықтың іргетасын қалағансыз.
Алды-артыңның ешқандай ақауы жоқ,
Ашық-шашық жататын адам әлсіз.
Кешегі өткен Кеңестің заманында,
Тапталмадың ешкімнің табанында.
Құбашевтің бөленіп құрметіне,
Матаевтің мақталдың «сабағында».
Рахманқұл Бердібаев «шешен» деді,
Фариза ақын «бұл жігіт кесел» деді.
Асыңа емес, ақылыңа тойып кетті,
Алты Алаштың айтулы көсемдері.
Мұның бәрі, Ағатай, солмас бағың,
Ел сүймесе, ешқашан жанбас шамың.
Қара жерден қайтадан бір шығардың,
Ата жұрттың айтулы аруақтарын.
Ел таныған Ералы бабамызға,
Бас имесек бағалы боламыз ба?
Қасиеттің қағбасындай сол адамға,
Зәулім сарай салдырдың даламызда.
Құрметтеп көргенменен құр ағайын,
Еңбегін сіңірмеген сынадайын.
Көз сүйсініп, көрерлік дәрежеге,
Көтердің Ұлы Мұхтар мұражайын.
Тасыр заман танымай ақ-қарасын,
Қазаққа қайта туған Көкбай ақын.
Сізге де, Сайлауға да риза шығар,
Медіресе, мазары үшін мақтанатын.
Мұратты мұндай ісің толып жатыр,
Жат, жақынға жанашыр жаның да асыл.
Дарақы «жомарттығың» тағы да жоқ,
Халық қанша десе де «қолында тұр».
Қолда тұрған нәрсенің бәрі есепте,
Қолды қылар тек оны бала текке.
Туған-туыс жатады «сараң» десіп,
Қақпақ бола аласыз қай өсекке?!
Ел не десе, о десін, өзім білген,
Арғымақсыз өзгені тебіндірген.
Кей аға-інілерден биік тұрсыз,
Кеудесін кере қарыс керіп жүрген.
Қуандық апамыз бар жаныңызда,
Сол Сіздің арыңыз да, бағыңыз да.
Қашан көрсең, қабағын жайлап ашып,
Отырады ол сабырлы қалыбында.
Құдай Сізге қыз бенен ұл да берген,
Толқын боп соңыңыздан тулап ерген.
Ағатай, Жетпіс жасың құтты болсын,
Алламыз айналасын нұрға көмген!
Сол нұрдың шомылыңыз сәулесіне,
Алла жақ адал жүрген пендесіне.
Адамның көші мәңгі тоқтамайды,
Бақыт ерсін баратын бар көшіңе.
Әу, баста Сізге жетпіс көп деп едім,
Уақытқа өтпейді өкпелерім.
Сіздей аға барына мақтанамын,
Сіздей аға болмаса, не істер едім!





Пікір жазу