Жыр-жігер.
Алты алаштың «Барысы» басталғалы,
Абыройы Шығыстың аспандады.
Ауылдың апалары тақым қысып,
Атып тұрды шалдары тоқсандағы.
Найқалмайтын алысып, жарысқанда,
Нар қазақтан асатын намыс бар ма?
Қазақтың күресіне «ғашық» боп жүр,
Маңғол, қытай, неміс пен орыстар да.
Айналған тектіліктің қазығына,
Барыс-күрес бақ боп тұр ауылыма.
Алатау, Қаратаудың бар батыры,
Бас иді Шыңғыстаудың бауырына.
Алақандай ауданда қос Барыс бар,
Мақтан жұртым, дәл бүгін мақтанып қал.
Қайта туып келгендей боп жатырмыз,
Қабанбай, Мамай менен Тоқтамыстар.
Тағылым қып Тағзымды туған жерге,
Бас июді үйреткен иманды Елге.
Барыстары Шығыстың шыға берер,
Бас бапкері Бердібек тұрған кезде.
Бас-басына Барыстың үй бергізіп,
Көлік сыйлап, сұлуға үйлендіріп.
Батырларды баптаған Бердібектей,
Әкімді құрмет тұту-білгенділік!
Мұның бәрін Сен, Манаш көре алмадың,
Сан ойларың бар еді-ау, сан арманың.
Егеменді ел болып жатқан кезде,
Ел көзіне қайтадан оралмадың...
Ерін бірақ Ел мәңгі ұмытқан ба?
Жат, жақынға, жан берген туысқанға.
Алты алаштың баласы келіп отыр,
Артта қалған туыңды тік ұстауға!
Азаматқа бағаны халқы берер,
Аңсаған армандарын арты көрер.
Маңдайыма сыймаған Манарбегім,
Қабіріңе бір аунап, ал, түрегел!