24.07.2022
  183


Автор: Төлеген Жанғалиев

Қырық жылдан соңғы кездесу.

Құдай-ау, сенейін бе, сол сен бе?-деп,
Кеңкілдеп кемиектер кемсеңге кеп.
Жатырмыз жан берісіп, өліп-өшіп,
Жалғанда дәл осылай өртенбеп ек.
Өртеніп жүрек шіркін өзектегі,
Көңілдер көгершіндей безектеді.
Қырық жыл қиыр жайлап кеткен достың,
Келіпті-ау, біздерге де керек кезі.
Қыз болып кетіп еңдер бұл Семейден,
Кемпір боп келіпсіңдер күркеге енген.
Біз-дағы түйеші шал сияқтымыз,
Атанын аңда-саңда бір шөгерген.
Қыздар-ау, қырық жылда бірақ көрген,
Біздерге қарамаңдар сұрақ көзбен.
Пайғамбардың жасына келіп қалдық,
Алланың арқасында қуат берген!
Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де,
Алла берген аз жасты көп көрем бе?!
Алтыннан да қымбаттап кетеді екен,
Адал дос қартаюға беттегенде.
Соны біз енді ғана ұққандаймыз,
Қу тірлік қуысынан шыққандаймыз.
Енді бір он, он бес жыл ғұмыр бар ма?
Бар болса содан кейін түк қалмаймыз.
Бота жоқ ортамызда, қара, бүгін,
Ешкімнің аттамаған ала жібін.
Қайран дос қара жерге кете барды,
Қайырылып бір көре алмай бала күнін.
Қоңырқаз-қос Жаңылдың біреуі жоқ,
Жүрегі кең, қыз еді-ау тілегі көп.
Бұдан қырық жыл бұрын ойлаушы едік,
«Осы Жаңыл шын кімді сүйеді?»деп.
Сансызбай да сағым боп кетті мүлде,
Ер еді жете алмайтын ешкімің де.
Жанып тұрған жалынның өзі еді ол,
Жанымай-ақ өтетін өткірің де!
Адам ғұмыр Алланың добы дейді,
Соғылып жатпаса да «голы» мейлі.
Тірлігінде ешкімнің қадірі жоқ,
Өлген соң, еске түсіп, еңірейді.
Өмір сүріп жатырмыз бұйырғанша,
Қалғанын да білмейміз ғұмыр қанша?
Айналайын, достарым, аман болшы,
Алла берген тірлігің қиылғанша!





Пікір жазу