Поэмалар ✍️
Қаражыра
Жеті ел келіп, жеті ел кетті десе де,
Шыңғыстауға жерұйығы жете ме?
Бел-белесі керегедей керіліп,
Тау сілемі тамырласқан етене.
Топырағы тоң жамылып торқадай,
Жазбен бірге жайқалатын қамқадай.
Үңгірлері үңгір емес, бейне бір,
Ғасырлардан қалып қойған хан-сарай!
Сарыарқаның сары алтыны осында,
Шыр бітірген Шыңғысхандай батырға.
Қаражыра – қара маржан мұхиты,
Табан асты құт дарытқан тақырға!
Тобықтының байы отырған бұл жерде,
Малдың етін машықтанған құр жеуге.
Сондықтан да ауызымыз бармайды,
«Қаражыра иесіміз біз» деуге!
Партия да, кешегі өткен Кеңес те,
Санап келді оны елеусіз өзекке.
Қара халық қайдан білсін жер астын,
Жер үстінен жарымайтын тезекке.
Жалқаулықтың жанарынан жасқанып,
Қаражыра жатты солай бос қалып.
Шопан жүрді қара маржан үстімен,
Қара қойды шұбыртқанға мақтанып.
Төрт бұрышы төрт әріппен қоршалған,
Қан білдірмей қандаладай қан сорған.
«Ұлы Отанның» уысында осылай,
Умаждалып қалды, шіркін, қанша арман!
Күйсіз қазақ болсақ-тағы сиреген,
Мисыз халық емес едік біз деген.
Ойымызға ие бола бастадық,
Босаған соң «Одақ» деген түрмеден.
Матап-байлап тастаған соң Москва,
Аяқ-қолға, ақыл-ойға жоқ кінә.
Егемендік есік қағып келді де,
Ел еріксіз қарады жер астына.
Көмір тасып көнбіс болған Кузбасстан,
Ол болмаса отын қылып қи жаққан.
Ұлы Абайдың Отанына тағы да,
Бір қара бұлт үйірілді зіл-батпан!
Қара бұлттан, қаза болып сұр бұлттан,
Қырық жылдай атом-ажал шыңғыртқан.
Ұлы ақынның ұрпақтары тағы да,
У жұтқандай умаждалды тұрмыстан!
Қара жерге жабысатын желімдей,
Қара қойдың қарасы да көрінбей.
Нарық деген найза ұшына ілігіп,
Арыды жұрт, ашаршылық кезіндей.
Бөлінгенді бөрі жеді, садаға,
Ортақ өгіз олжаланды қорада.
Жетпіс жылғы ел байлығы желге ұшып,
Маңыраған мал қалмады далада.
Ал, асыра енді мына халықты,
Көп жоқшылық елді езіп, жанышты.
Жеті ағайын жұттың желі ысқырып,
Таңдайдағы талғажуды тауысты.
Киіз үйдің түңлігіндей желпілдеп,
Кедейшілік тұрды елді кертіп жеп.
Табысы жоқ, тамаққа ортақ күйеуден,
Кетіп жатты келіндер де «төркіндеп».
Кетпей қайтсін кең дүние тарылса,
Сауық-сайран бұлдыраса сағымша.
Тепсе темір үзетұғын жігіттер,
Бода-бода еріді үйде сабынша.
Қара қойдың үстіндегі тіршілік,
Қалды осылай қақ суындай іркіліп.
Алақандай аудан әлі келеді,
Қиындыққа бірде батып, бір шығып!
Шүкір, әлі аталамыз аудан деп,
Оны бізден қызғанатын жандар көп.
Естігенбіз Елбасының айтқанын,
«Абай елі болады әлі, болған» деп.
Боламыз ғой, мына нарық болдырса,
Елі сүйген ел басшысын бар қылса.
Ол болмаса керек етер бізді кім,
Қарызбенен күнін көрген қалбынша.
Ой оңалып, жатса да той көбейіп,
Дертсіз қолдар дерте болды серейіп.
«Жұмыс тап» деп жұлқынатын жастарға,
Бас шайқаймыз, басқа оған не дейік!
...«Қаражыра», қайта оралам мен саған,
Сені сөккен адамдарда ой сараң.
Ауданымды сақтап тұрған жалғыз сен,
Айлап соғып, аяз қысса арқадан!
Бізге бәрібір, саған бүгін кім ие,
Кілт кімдікі, соныкі ғой дүние.
Өлі жатқан табиғатты тірілтіп,
Өмір беру оңай емес тіріге!
Кім байыса ол байысын, жоқ шатақ,
Ал байығың келсе – жерден ақша тап.
Қаражыра қайтпас жігер ердікі,
Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап!
Бір кездегі біздің жер ғой демесек,
Ойымызда одан бөтен жоқ есеп.,
«Қаражыра» - қарт анамыз секілді,
Бауырына басқан бізді кең етек.
Жазы, қысы жатамыз біз үймелеп,
Кейде – күндіз, кейде еріксіз түнде кеп.
Құр қайтармас құрық ұстап жүргендер,
Құлақкесті құлдарындай сүйрелеп.
Ол да болса ел жағдайын білгендік,
Жіптің ұшын жіберетін күрмеу ғып.
Қаражыра – қарт анамыз тұрғанда,
Қара алтыннан көрмейміз-ау біз кемдік!
Біз Үржар да, Аякөз де емеспіз,
Ақша тауып алатұғын көмексіз.
Мыңның өзі мықыныңды мықшитар,
Тоннасына төрт мың көрші, төлеп сіз!
«Жыртық үйдің құдайы бар» дегенге,
Шүкір деймін, үйде отырып, сенем де.
Керекуден қалай көмір тасимыз,
Биылғыдай қыс қақаса егер де.
Жанымызда жүрген жалған «жанашыр»,
Қалалық боп кеткен қазір бар асыл.
«Ой қайда» деп ойсырайды Шыңғыстау,
«Қой қайда» деп қолын жайып қора тұр.
Болар бәрі, оңалғалы келеді ел,
Көсегесі халқымның да көгерер.
Оған дейін, Қаражыра, қарт ана,
Қанатыңа ап, бізге ырыс бере бер!