24.07.2022
  114


Автор: Төлеген Жанғалиев

ШӘКІР БАБА ЖАЙЛЫ БАЛЛАДАЛАР

Шыңғыстаудың бір шыңы опырылды,
Қорқынышпен тосып ем осы күнді.
Деп едім, ақын баба, сен өлгенде,
Жанарымнан жас ытқып жасырулы.
Жыладым, Абай тойын көрмеді-ау, деп,
Абайға өлең арнап өлмеді-ау деп.
Сталинді жырлаған бабасына,
Тағы да «тақпақ» жазып бермеді-ау деп!
Жыладым, ұлылықтың біткені-ау деп,
Жинамай жырдан басқа түк те дәулет.
Елбасына ақ бата берген шалға,
Ең болмаса бір назар түспеді-ау деп!
Жыладым, жасты қалай жасырасың,
Жоқ енді ол, әулие боп отыратын.
Тек қана түксиіп кеп түсіме еніп,
Көзімді сүрткілейді жетім ақын.
1.Танысу немесе қорқынышпен бетпе-бет
Арман, қиял ауылдан алысқа өрлеп,
Ақындыққа жүрген ем анық шөлдеп.
Аупарткомның хатшысы Хафиз аға,
Жұмсады мені «шалға» барып кел деп.
«Шал» мінезі шалдуар, қырсық, қыңыр,
Ыза қылсаң кетеді ыршып шұғыл.
«Алыссаң» арыстанға алдырмайды,
Аспандағы ақиық бүркіт түгіл!
«Ебін тауып еппен бар, ентелеме,
Салған жерден өзіме сенсе деме.
Аталай бер, қарағым, «ап» дегеннен,
Асау ат үйренбейді дертеге де!»
Деді аға, демім іште шықпай қалды,
Ертеректе осындай ұққам жайды.
Шәкір шал кісі алалап көрген емес,
Ал бірақ ақыл, ой мен іш таңдайды.
Мекіреніп келсе де мес қарындар,
Тарпаң басып талантсыз бос дарындар.
Талайлардың тауаны қайтып кеткен,
Аша алмай асыл сөздің қақпағын дәл.
...Сәлем бердім, сәлемді үнсіз алды,
Быт-шыт қып кеудемдегі ынтызарды.
«Әліксәлам» демеді, езуінде
Әжуалы мысқыл мен күлкі қалды.
Байқап тұрмын, денеден басы бөлек,
Аппақ қаудай қаулаған шашы да ерек.
Омырауға төгілген ақ сақалын,
Көруге көз шіркіннің дәті керек.
Әр талынан шайтан-көз сығалаған,
Сақалды көрсе саспай тұра ма адам.
Қос құлағын ұзартып жібергендей,
Қос қолдап тарта-тарта мына заман.
Еңкіш тартқан еңсесі көзге шидей,
Көрінгенмен, тұрқын тұр өзгеше имей.
Кеудесінің түгі де ығы-жығы,
Өзі жазған Қодардың кеудесіндей.
Жасында талай қызды қызықтырған,
Денесін бір мүше жоқ бұзып тұрған.
«Әлгісін» мен білмеймін, әңгімешіл,
Әзірге бет-пішіні тұнық судан.
-Әй, көкми, неге тұрсың ежірейіп,
Кезіккің келсе, кәне, кезігейік.
Деді де ол сылқ-сылқ күліп алды,
Ойламастан қалды-ау деп мені кейіп.
Сонан соң бес саусағын бере салды,
Әп-сәтте-ақ алып бейне аласарды.
Арсалаңдап артынан ере бердім,
Алғаш рет көріп мен дана шалды...
2.«Бәрі гостиница»
Жаз шықса-ақ бір басылмай кісі аяғы,
Шал ақын шабан аттай тұсалады.
Кей қонақтар кейітіп кетсе-дағы,
Кей қонақтан шабыт пен күш алады.
Төкен келсе Семейден гүж-гүж етіп,
Семсер сөзбен алатын сүзгілесіп.
«Редактор» өзі бір құдай атқыр,
Манармен де қоятын шын күресіп.
Жағыпарды үлкейтіп «Жақа ғой» деп,
«Тілі өткір, шағып алар маса ғой» деп.
Еркелетіп жүретін, содан ба екен,
Жақаң да кетті бүгін батагөй боп.
Хафизді, сол кездегі ел иесін,
Көрген сәтте-ақ көлдей боп төгілетін.
Оңашада екеуі ой ағытса,
Әкелі-балалыдай көрінетін.
Қонақ көп Алматыдан ағылатын,
Бәлсінген шеттерінен бәрі де ақын.
Бәрінен артық көрді Несіпбекті,
Ақын деп ары таза, жаны жақын.
Толқындай иірімді Тоқтарханды,
Көзбен емес, көреген баспен шалды.
Саналы қыз Сана да зыр жүгірді,
Қонақтарға жайып сап дастарханды.
Санасызға Сананың қолы қатты,
Саналыдан аямас тәуір асты.
Өз өмірін сарп еткен осы Сана,
Өле-өлгенше өбектеп әруақты...
Бір күні Алматыдан келді қонақ,
Киноға түсіруге шалды қалап.
Келгені құрып қалсын, түн ішінде,
Алақандай ауылға болды мазақ.
Келгеннен кергіп қалды шал оларға,
Бас-көзді айырмайтын балаларға.
«Сен неге әкелдіңге» мен ұрындым,
Шатақты шығармауға шама бар ма?
Өз кінәмді мойындап, өз мінімді,
Өзім алып тұрғанда дегбірімді.
Шала қазақ әлгінің біреуі кеп,
Отқа үйір көбелектей көзге ұрынды.
-Ақсақал, сіз-ақынсыз, сіз-данасыз,
Сол үшін неменеге бұлданасыз.
Ауылдың ақындарын кім таниды,
Ал бүгін астаналық кинодасыз!-
Деді әлгі делебесін арақ қозғап,
Оп-оңай екен-ау бұл мазақ болмақ.
Бала құсап жаутаңдап тұрып қалдым,
Бағанадан тұр едім қабақ барлап.
Қабағына қартымның мұң қаптады,
Қатуланды, тек бірақ тіл қатпады.
-Гостиница бар ма өзі біз қонатын?-
Деді әлгінің тағы да бір «қошқары».
Шарт кетті-ау шалым енді дегенімше,
(Шатақ та шықпайды екен төзе білсе).
-Мынау жарық жанғандар-гостиница,
Барып қона беріңдер керегінше,-
Деді қарт ашуланып, ұрыспай-ақ,
Өзінше танытып бір дұрыс қабақ.
«Ауыл деген қазақтың қара қосы,
Қанша келсе кететін сыйып қонақ».
Түн ортасы ауған шақ, таң да жақын,
Әлгі жандар түсірген өз бағасын.
«Қонақ үйін» іздепті қонып шығар,
Аралап ауылымның бар қорасын...
3.«Сен әлі қыз ба едің?»
Қызық еді біздің шал, бұзық еді,
Сексен жаста болса да сіңір өзі.
Кәрілікке бой бермей, кәдік көзбен,
Қыз-қырқынға бар еді сүзілері.
Ондай кезде ойнақтап қарашығы,
Көрікті еді көзімен бағатыны.
Тән асылы боп сонда көрінетін,
Ой мен қиял жетпейтін сөз асылы.
Ойнайтын баламен де, шағамен де,
Отпен де, шала жанған шаламен де.
Бүкіл тірлік, бар болмыс-бітімімен,
Сыйып-ақ кететұғын дана көзге!
Өнер қуған жастарға өзгеше еді,
Бәрімен құрдас еді, теңдес еді.
Бәрін айт та, бірін айт әулиенің,
Әзілі әлі күнге шөлдетеді.
... Жаз шықса-ақ жас біткеннің жиын жері,
Кеш еді Мәдениет үйіндегі.
Әрі өткен, бері өткенге Шәкір шалдың,
Сығалап отыр еді сығыр көзі.
Өзі-әнші, өзі-сұлу, өзі-бойдақ,
Роза жетіп келді салып ойнақ.
Танымаған боп қалды оны Шәкір,
Бір тапқыр сөз орайын тағы да ойлап.
-Атажан, шын танымай қалдыңыз ба?
Сан рет ән салдым ғой алдыңызда.
Көрінгенге көз салып отырғанша,
Мән беріңіз дәл мендей мәнді қызға!-
Деп әнші ән құлпыртып шаттық өңін,
Шал мойнына орады ақ білегін.
-Бес бала тапсаң да сен әлі қыз ба ең?-
Деді шал бақырайтып бақсы көзін.
Ду күлкі дуылдатып қыз реңін,
Деді әнші: - Сүйдеріңді біліп едім.
Әзілің жарасқан соң не шара бар,
Әй, шал-ай, қызық едің, бұзық едің...
4.Қонаев қолайсызданды немесе VIII съездегі сергелдең.
Күні қалай біткенін кім біліпті,
Съезд де көзімізден бұлбұл ұшты.
Жан-жақтан ағылатын қаламгерлер,
Жапырып тастағандай бір жұмысты.
Бетке ұстап сыншы біткен тәуір сынын,
Жалы да күдірейіп жазушының.
Ақындар өз съезін сағынатын,
Сағынған тақуадай Қадыр түнін.
Ойылып кететіндей басқан жері,
Ол кезде бәрі биік аспанда еді.
Қазір ғой қайтып келген қыздай болып,
Қаламгер қадірінің қашқан кезі.
...Сол съезд-шалдың соңғы съезі еді,
Қуанды ол табылғандай тілегені.
Алматыға аттандық Аякөзден,
Пойызға міне салып түнемелі.
Алматыға шал келсе-шала тойдай,
Көрінгенмен кетеді балаша ойнай.
Бүлдіріп сап жүргені көп ортасын,
Үйірге жаңа кірген ала тайдай.
Киісі де, жүрісі елден ерек,
Боқауыздау болғанмен, сөзге зерек.
Қалжыңқұмар жігіттің бәрі артында,
Бәріне шал әзілі емге керек.
Бір-бірінен ақынды алып қашып,
Отыратын шабыт пен шалық басып.
Әбділдә, Әбу, Хамит тете іні ғой,
Сафуан сағынатын болып ғашық.
...Сонымен, съезд бастап өз жұмысын,
«Беделдің» де байқатып берді күшін.
Президиумға жиналды кілең мықты,
Таланттың кемелі емес, кемдігі үшін.
Ұлы Абайдың елінен келген ақын,
Ұлы Жамбыл жанына ерген ақын.
Ақ сақалын сапситып әрең жүріп,
Орындыққа жайғасты төрге жақын.
Елдің бәрі Шәкірге қарап қалды,
Президиум өз ісіне қораштанды.
Тоқсандағы қарт ақын селт етпеді,
Алпыс жыл арқалаған азаптарды.
Ол азаптың жанында бұл немене,
Президиумға шыққанға сый бере ме?
Төңкеріп отты көзін отыр ақын,
Төр түгіл, қызықпаған жүлдеге де!
Қонаев бұл съезге қонақ еді,
Қолайсыздау қозғалды дана көзі.
Соның өзі сормаңдай мына жұртқа,
Сойылмен соққандай бір сабақ еді.
Елбасынан үнсіз ап «сыбағасын»,
Баяндама бастады Жұбан ақын.
Сол-ақ екен, орнынан тұрды Шәкір,
Кісідей жарыссөзге сұранатын.
Баяндама басталмай кілт үзілді,
Шал өкпесін шарасыз жұрты білді.
Қарт ақын баяу басып шығып кетті,
Ауызын ауыздықтап жұлқынулы...
5. «Шахтерский» әкел
Тоқ құрсақ, көңілі де толы жастар,
Тұрсын бар, Несіпбек бар, Жәнібек барЕсе бермей есіп біз отырғанбыз,
Жанымызда жаздай боп жадырап шал.
Ащы судың ағы да, көгі де бар,
Алған сайын көңілдің көзі жанар.
Сыра ғана сырғытып отырды шал,
Арақты қойып жүрген кезі болар.
«Шыңғыстауды» қондырып Алматыға,
Алатаудай асқардың дәл қасына.
Абай ғана бола алмай отырғанбыз,
Басқасын басып қиял жамбасына.
Езуінде қартымның күлкі ойнады,
Бұл оның бір пәлеге қисайғаны.
Қас-қағымда қабағын қарс жауып,
Қар жауардай қара бұлт құрсаулады.
-Әй, әкеңнің ауызын..., өңкей қырттар!
Сендерге ойыншық па Жамбыл, Мұхтар?
Өздерің тапқандай боп өзеурейсің,
Өлтіреді сендерді жамбылдықтар!
Тобықты қуған кезде қыр соңымнан,
Қан емес, ет шығарып шиқанымнан.
Өз елімнен көрмеген қорғанышты,
Өзге емес, өзім көргем бұл шалымнан.
-Өсек айтар қатын ба, жігіт пе еңдер,
Өйтіп елдің арасын ірітпеңдер.
Жамбыл да бұл қазақтың әулиесі,
Әулиеге, әй, ұлдар, тиіспеңдер!
-«Көкмилардың» көтеріп бар мазағын,
Ішпей-ақ ішкендермен пар боламын.
«Жигулов-мигуловың» керегі жоқ,
«Шахтерский» сыра әкел, әй, қарағым!-
Деді қарт дайын тұрған даяшыға,
Түсіп бір қалғандай боп сабасына.
Қалықтап даяшы да кете барды,
Қарлығаштай су құйған қанатына.
Басына шығып кетті-ау сыра күші,
Мас болып қалмаса екен мына кісі.
Десем мен, қызылыңа таяу екен,
«Шахтерский» сыраның «градусы»...
6.Айтыс
«Құндызды» ежелден-ақ жер жаннаты,
Ақ жазық, ақбас төбе айналасы.
«Архатқа» аттың басын бір-ақ тірер,
Сары бел, сағым қуған сар даласы.
Арналы ақ бұлақтар жағасы жар,
Ала жаздай бір тынбай аласұрар.
Самал желі кептірмес кенезеңді,
Сарайыңды ашатын ауасы бал.
Тал-шілік таласа өсіп өзен бойлап,
Тау суы алып ұшпай ағар жайлап.
Бөктерге бөгіп жатқан бүлдірген мен
Қарақат, доланасы жанар байлап.
«Шеттің бойы» атасып ата-бала,
Айналған баяғыдан шекараға.
Керегедей керілген Шыңғыстаудың,
Сілемі кеп тоқтайды осы араға.
Күлдір-күлдір кісінеткен күрең ғасыр,
Бұл жерде Ақтамберді жырау жатыр.
Сабырбай салып кеткен сара жолмен,
Он жеті ақын шығыпты кілең «батыл».
Батылдығын байқатып бәрі сөзден,
Бәріне «көкжал», менен «барыс» ерген.
Ауылдағы айтысты місе тұтпай,
Бәрі де алысыпты алыс елмен.
Ең кенжесі елгезек Шәкір ақын,
Арыны, аптығы жоқ басылатын.
Тіліп түсер тілінің уыты бар,
Қарсыласын көш жерден қашыратын.
Қар та, жас та қаймығып арынынан,
Жатқан емес мысықтай жаурынынан.
Өле-өлгенше өкініш етті бірақ,
Жеңіліп қалғанын бір кәрі қыздан.
...Сүр бойдақтау кезі екен, сұрқы қашқан,
Аяғын қызды ауылдың иті қапқан.
Отырса ойын-тойдың гүлі бопты,
Өзгеден өнерінің дүмпуі асқан.
Ойда жоқта кез кепті бір ауылға,
Той екен, құда келген қыз алуға.
Өнерлі жастар да көп өңеш созып,
Ойнаған домбыраның құлағында.
«Ақын қыз», «ақын қыз» деп анталасып,
Бас шұлғып айтқанына барша ғашық.
Есе бермей ешкімге екіленіп,
Саусағын қатты шекке қанталатып.
Отырған қызды шалдың көзі шалды,
Ойлай қап қалай тиісіп, алысарды.
Мұндайда тек мұқату мұрат болып,
Ұмыттырып кетеді намыс-арды.
Ел құлағы елу ғой, естіп, білді,
Ешкім әлі жеңбепті ерітіп қызды.
Құн төлеткен бір сыры бар боп шықты,
Қу дүние құртпай ма, өстіп тілді.
Салған жерден шал тиісті мұнысына,
«Ап» дегеннен алмақ боп уысына.
Әйтеуір бір кедергі боп тұрмай ма,
«Әттеңі» көп әйелдер жынысына.
«Тарбағатай бауыры көделі бет,
Малға жайлы болғанмен өріске шет.
Бір түні қырық тоқты құн алдырған,
Қалқам-ау, сендегі осы не деген көт?»
Деді шал делебесін шабыт қозғап,
Қайтсе де тұсау тұстан шалып қалмақ.
«Не дер екен» дегендей қыз өңіне,
Қызығып қарай қалды халық барлап.
Қыз бұған қысылған да, сасқан да жоқ,
Арландай түспейтұғын қақпанға көп.
Отты көзін қадады ол Шәкір жаққа,
Отырған масайратып, мақтан демеп!
«Тарбағатай бауыры көделі бет,
Малға жайлы болғанмен өріске шет.
Бір түні қырық тоқты құн алдырған,
Әй, Шәкір, сол көтімнен садаға кет!»
Ду етті жұрт тосқандай дәл осыны,
Көбейіп ақын қыздың жанашыры.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді халық,
Ар ашуы-қашанда жан ашуы.
...Әлқисса, істің мәні былай екен,
Қыз төркіні-ірі бай, сыбан екен.
Сол байдың ақын қызын алып қашып,
Бір тентек ерсі қылық қылады екен.
Тентекті тезге салып жүйкелеткен,
Бай оған қырық тоқты құн төлеткен.
Осылайша өрт – ашу өшіп тынған,
Осылайша құтылған жұрт егестен.
Біздің шал білмей тиісіп қыз арына,
«Жақсы жауап» тауыпты сұрағына.
Атамыздың бір сырын жария еттім,
Алтын сырға қыздардың құлағына...
7.Шәкір мен Жұмакүлбай.
Сақал емес қарттарды қадірлетер,
Кіші жоқ үлкендердің жолын кесер.
Не баба, не бала емес кейбір шалдың,
Шата боп туғанына көзің жетер.
Бір үлкендік білінбей тұрпатынан,
Қу сөз қуып, қуырып, құр шатылған.
«Жынды» деуге келмейді, жыннан артық,
Айықпай жүреді олар «сырқатынан».
Біздің елде бәрі бар, бәрі дайын,
Түк шықпас салғанменен сары уайым.
Ар сатпас ақсақалдар көп болсыншы,
Көпсініп көсемдерді не қылайын.
Бір өзі бір халықтың ұятындай,
Кешегі өткен кемеңгер Жұмакүлбай.
Ұлыларды тудырған ұлы өлкенің,
Қасиетін танытып тұратындай.
Сұңғақ бойлы, сып-сида, сұлу мүсін,
Тұрпаты да қырандай тұғырлы тым.
Қазір ондай адамды табу қайда,
Жисаң да бар ауылдың қиындысын.
Ұста соққан кездіктей сөз өткірі,
Өлімнен де қорықпас өжет тілі.
Құдайға да жүгінбес Жүкендердің,
Сезіліп жүр дәл қазір керектігі.
Сол Жүкең-Шәкір шалдың құрдасы еді,
Сырты мен іші бірдей сырласы еді.
Досы еді домбыраның қос шегіндей,
Қақ бөлініп желінген бір бәтері.
Қағытпа, қалжыңдары шын жарасып,
Бал түгіл, керек кезде у жаласып.
Екеуі бір-біріне ынтық еді,
Олардай бола алмайды қыз да ғашық.
...Бір күні қалды екеуі сөз қағысып,
Бір-бірін өткір тілмен аударысып.
«Іздегенге сұраған» осы емес пе,
Біз-дағы құлақ түрдік таң қалысып.
Шәкір айтты:
-Ау,Жүке, жараспайды шалқығаның,
Мен сенен төрт нәрседен артыламын.
Менің әкем әйгілі Әбен еді,
Талдырып тастайтұғын тарпығанын.
Сенің әкең – Базарбай ел білмейтін,
Білмек түгіл, көрсе де көзге ілмейтін.
Атыңнан атым артық астымдағы,
Бәйгеге түссе ешкімге жеңдірмейтін.
Кемпірім артық және кемпіріңнен,
Көркіне жалықпайсың көз тігуден.
Алған сенің әйелің алжа-алжа,
Төсек те бұйырмаған төркінінен.
Шәкір ақын атанған атым артық,
Алшы ғана түсетін асыл асық.
Ал сен болсаң, бірдеңе айтқансисың,
Шілдің боғы сияқты шашыратып.
Сонда Жұмакүлбай былай деді:
-Ол рас, әкең Әбен әйгілі еді,
Тағдыры бірақ оның қайғылы еді.
Абайға қол көтерген әкеңізге,
Қазақтың жыли қояр қай жүрегі?
Атың да артық, рас, менікінен,
Шаң қалар шабысы мен желісінен.
Бірақ ол да астында бар басшының,
Аумайтын кемпіріңнің кебісінен.
Әйелің сұлу, рас, әйелімнен,
Сондықтан сенен менің әлегім кем.
«Сұлуыма сұқтанып қояды-ау» деп,
Көп ұзамай жүресің көгеніңнен.
Ақынсың, оныңа да жоқ таласым,
Онымен бірақ неге мақтансың?
Ақын да ауылдағы жын-шайтандай,
Арақ ішіп шығарған масқарасын.
... Білмеймін кім жеңіліп, кім жеңгенін,
Кімнен артық, кім-кімнің кімнен кемін.
Әйтеуір сағынған соң жазғаным ғой,
Әулие екі шалдың тіл мен көзін...
8.Тізе
Шалғынның шаңы кетер жауын жауса,
Жуылар қолдың кірі сабындалса.
Шал көңілі шалқып бір кете алмады,
Өзіне тартқанменен өмір қанша.
Осы өмір ғой жүйкесін жүйкелеткен,
Миына ине сұғып мың себеппен.
Ай-күннің аманында адастырып,
Тіліп түсер тіліне құн төлеткен.
Телміртіп темір торлы терезеден,
Осы өмір оның ойын шегелеген.
Жазықсыз жапа шеккен жан-жүрегін,
Жаза алады ол бүгін неменемен?!
Өмір деген ұғым ғой жалпылама,
Жалқылығы оның да-халқы ғана.
Халық барда-адам бар алуан түрлі,
Ал, адамнан айуандық артыла ма?
...Бәрі де аяқ асты басталған-ды,
Шал сүймес шала пісіп, мақтанғанды.
Бір күні той үстінде «тойып» тұрып,
Мына өлеңмен мықшитты басқармаңды.
«Әуелі бұл колхозды бастық жеді,
Қойдан-қозы, кілеттен-астық жеді.
Еппен жемей, ет жеуге дәндеген соң,
Ту сиыр, семіз қойды бас қып жеді.
Парторг та өзіндік азық жеді,
Алтын көріп, періште азып жеді.
Бұларға қарап тұрып бос қалсын ба,
Қоймашы шөпті артық жазып жеді.
Есепші есепшоттан кесек жеді,
Өзі емес, ебін тапқан есеп жеді.
Тексеруші келгенде пара дайын,
Қолымен қоламтаны көсеп жеді.
Ал ферманың бастығы қайдан жеді?
Елтірі жүн, қорытқан майдан жеді.
Егіз қозы сыңарын қағып қалып,
Сенегінде семіртіп, байлап жеді».
Болды бұл ойламаған, рас, қызық,
Жұрт тыңдады құлшына құлақ түріп.
Басқарма мен парторг жер шұқыды,
Бес елідей беттерін ұят тіліп.
Есесі кеткен елдің иі қанды,
Тіл тістеліп, қан ұртқа ұйыған-ды,
Тап басып тауып берді Шәкір ақын,
Ұялы қасқырлардай ұры-қарды.
Қырсық сөз, қыңыр мінез кімге ұнайды,
Себепсіз сең де алға жылжымайды.
Басынан сөз асырмас басқарма еді,
Тек қана мойындаған бір құдайды.
Мына өлең миын оның мыжғылады,
Су болып төгілгендей қыздық ары.
Табан асты жау тауып шыға келді,
Тасырлардың жағасын кім жығады?
Кеңірдектен жала алған кезең еді,
Басқарма сотқа шауып жөнеледі.
Оған да от ауызды осы ақынның.
Қақпанға түскені бір керек еді.
Аупарткомның хатшысы қатынқұмар,
Сот жоқта сот үйіне атын бұрар.
Сондықтан екі дөкей араз еді,
Әуейлік қай әйелді тату қылар?
Толқынға қарсы жүзіп тулап аққан,
Біздің шал бұларды да жырға қосқан.
Сондықтан сотталды да кете барды,
Жанашырлық таба алмай бір қазақтан.
Жел қуып шығаратын қан-сорпасын,
Қаңбақтың тамыры жоқ жер тартатын.
Ақынға араша да бола алмаған,
Ағайынға қалайша өкпе артасың?
...Түңлігін түрменің тарс жауып,
Жазықсыз бірнеше рет жанышталып.
Алпысыншы жылдардың басында тек,
Оралды ол өз еліне өліп, талып.
Көңілі қырқы жамау көрпе сынды,
Жүрегі кесілгендей келте тілді.
Бұқпа торғай сияқты бұқпантайлап,
Бұрынғыдай білмейді бел шешуді.
Қырық жыл жан-жүрегін жаныштаған,
Түрме жайын айтуға ауыз сараң.
Көп бейнеттің көзге ұрар белгісі сол,
Көтерем өгіздей боп арықтаған.
Шал бірақ мүсіркеуді ұнатпайды,
Ешкімге де өкпе айтып, кінә артпайды.
Жалған жалтақ, жағымсақ мінез көрсе,
Арса-арса алақанын құлаштайды.
Отырыс-тұрысы да елден ерек,
Құлақ болса бермейді сөзге кезек.
Құлақ, құлық жоқ жерде ол да үнсіз,
Үнсіз кетіп жатады ел де демек.
Малдас құрып, шынтаққа тіренбейді,
Жантаяр жастық сұрап шіренбейді.
Дастарханның басына келсе болды,
Қос тізеге қонақтап, тізерлейді.
-Адамдай астыңыздан су шұбырған,
Мәліктей оқыраның құрты қуған.
Мұныңыз не, жүрелеп жүргеніңіз?-
Деп мен де оны талай күлкі қылғам.
-Әй,көкми! Сен өмірден не білесің,
Кезің жоқ тезге түсіп, тебінетін.
«Түрме» деген мектептің мен шәкірті,
Әр мектепте әр заңға кезігесің.
Төрт қабырға түп-түгел бетондалған,
Қара сыз қарып түсіп, өтер қолдан.
Май бөксеге суығың тез барады,
Қос тізеге қонбасаң қосарланған.
Ажалдан алып мені шыққан тізем,-
Қайда барсам астыма тұтқан кілем.
Қос қолымдай ол-дағы қорғанышым,
Қос тіземе қонған бір құт бар білем...-
Деді шал, сөккендей ғып сөз астарын,
Менің де келмеді оны сабақтағым.
Өмірде өктемдік пен тізе бар ғой,
Тізе болса, білемін азап барын.
...Басынғандар болған соң басымда көп,
Анда-санда қоямын ақылға кеп.
Сондай сәтте ойлаймын Шәкір қартты,
Жұмақта да тізерлеп отыр ма деп...
9. Бата
«Ақ киізге көтеріп хан сайлаған,
Абылайым бүгінгі сен емес пе?»
Шәкір Әбенов
Біздің шалдың мінезі қырсық еді,
Білгендер сырттан қашып, түршігеді.
Қырық жыл қырғын көрген қайсар ақын,
Қан сорған қай қоғамға исінеді.
Ең алдымен еліне ұнамады,
Өш тудырып өлеңмен сынағаны.
«Абайды сабағанның баласы» деп,
Ата-жұрт әкесі үшін кінәлады.
Айтаққа итін қосқан жерлестері,
Тау, тасқа табанын да өрлетпеді.
Тақырға түк бітпейтін шөл даладай,
Ақынға өз жерінде жер жетпеді.
Қайда барса тап беріп тарпаң халық,
Алпыс жыл қуғын көрді арқандалып.
Алдынан ор қаздырып, тор құрғызды,
Айтып қалған сөздері аусарланып.
Темір-тор терезесі күн көрмеген,
Тас еден табан тисе сыз кернеген.
Тозақтың оты болды ақын үшін,
Тоқсаннан асып ғұмыр сүргенменен.
Ал, жібітіп көріңіз, қырсық шалды,
Білмейтін ешкімді де «пір» тұтқанды.
Жағынып, жалпаңдауға жаны қарсы,
Жалақорға жіберген бүркіп қанды.
Қырсық сөз, қыршаңқы тіл бар қаруы,
Қарлығыңқы дауысы қайрақ үні.
Өлерінен екі жыл бұрын ғана,
Шарықтады аспанға шал қадірі.
... Егеменді Ел болған күндер еді,
Әр күні әр қазаққа нұр береді.
Тоқсан асып тоңтеріс жатқан шал да,
Тордан шыққан тотыдай түрленеді.
Хабар алдық, бір сөзі бір қаралық,
«Шүйіншілеп» жатырмыз шулап анық.
Ақсақал да орнынан атып тұрды,
Арқасына түскендей күн қадалып.
-Ал, шалым, туды міне, аңсағаның,
Ал, жырла, байтақ жердің байтақ әнін.
Азаттықтың ақ таңы атқан кезде,
Арға сыймас «шалмын» деп шаршағаның!
Егемен еліміздің ең алғашқы,
Елбасы аспаныңа алау жақты.
Ақ батамен қайрайтын Сіз боласыз,
«Алашым» деп ұшталған ақ алмасты.
Шал көзінен жылтылдап жас көрінді,
Қайта қозғап жоғалған, жоқ сезімді.
«Алла ауызға сөз салса, көрерміз»-деп,
Тақым қысып, тағы да ат тебінді.
... Шал ортада, Елбасы оң жағында,
Дайын тұр көк туымды қолға алуға.
Ата-бала аңсаған ақ дүние,
Аунайды Алашымның арманында.
Шал үстінде көк шапан, көк тымағы,
Ақ сақалы Алаштың боп тұмары.
«Қарағым»-деп қол жайып, қалып еді,
Ақ тілек ауызынан атқылады.
-Қарағым, жетті міне, төбе көкке,
Халқыңды кенелте бер кереметке.
Азаттықты аңсаған қазағыңның,
«Абылайы бүгінгі сен емес пе?»
Деді қарт демі жетіп саңқылына,
(Бұл сәтке бүкіл елдің халқы куә).
Ақ бата Алты алашқа тарап жатты,
Байтақ жерге сіңіріп бал шұғыла...
...Соған да ширек ғасыр толған екен,
«Шал бүгінін көрсе» деп арман етем.
«Абылайға» теңеген абыз ақын,
Нұрсұлтандай халқына қайда көсем?
Тегінде ақын да бір Алла сыйы,
Ашылып көрінбейтін жанға сыры.
Ақынның батасына аң-таң боп тұр,
Адамзат ғұмырының өр-ғасыры.
Десе біреу «бұл неткен көрегендік»,
Дейді біреу «көп көрген көнесіздік».
Әйтеуір, Елбасымыз Елімізді,
Әлемге әйгіледі Егемен ғып!
Ақын өлер, өшпейді өлең оты,
Келешекте жалғасып кемел аты.
«Алланың құлағына дер шалынып,
Ақ бата қабыл болды» деген осы!
10.Түйін
Даналыққа әркімнің жаны құмар,
Даналықты дәл солар тағы бұзар.
Алланың өзі қашап, өзі құйған,
Адамның әрбірінің қалыбы бар.
Сол қалыптан аспайсың не істесең де,
Жетсең де дегеніңе жетпесең де.
Келер, кетер күніңді маңдайыңа,
Жазып қойған жоқ құдай тек бекерге!
Дана еді Шәкір шал да құдай берген,
Дарынды үйіп-төгіп құлай берген.
Оны бірақ көрінген көре алмайды,
Көңіл сезіп, көрмесе құмай көзбен!
Көрмеген соң шындықтың бәрі жалған,
Жалғандықтың кезі жоқ жолы болған.
Жалғандықты көп көрді Шәкір баба,
Жас ұрпаққа өзі де, сөзі де арман!
Қырық жыл түрмеде де қыңқы демеді,
Сонда да «сол айттыны» істемеді.
Өзі айтты, өзі жазды, өзі сезді,
Алдында жоқ болса да түк сенері.
Жағымсақ, жалтақтарға жаны қас-ты,
Көкіген көп мылжыңның көзін ашты.
Қайда жүрсе қалтқысыз ұстаз тұтты,
Абайдай алып тұлға аруақты.
Тоқсан алты жасында Елбасына,
Бата берді бақ күтпей өз басына.
Өлеңді-өмірім деп ұққан ақын,
Сақалды салмақ емес саудасына!
Берді ол «бедел алсын қазағым» деп,
«Халқыңа қызмет ет, қарағым» деп.
Тағдырын ұрпағының ойлап берді,
Тартқан соң тақсыреттің азабын көп.
...Сол ақын, соры қалың қайсар ақын,
Аңсатып қазағының алты алашын.
Ғасырлық тойына да кеп қалыпты-ау,
Ғасырда бір-ақ рет қарсы алатын.
Еріне елі ертең не істер екен,
Күні үшін күндіз-туыс, кешке-бөтен.
Көрінудің амалын ойлар ма екен,
Көкатты бола қалып көпке көсем.
Тағы да ат шаптырып, ас бермек пе,
Тағы да таласа ма көк шөлмекке?
Ағайын, олай болса, былай болсын:
Бабаның басына кеп бас терлетпе!
Бабаға бағасы жоқ құрмет жалған,
Ол мұны өмір бойы іздеп болған.
Абырой, атақ күтіп не қыласың,
Абырой, атағыңды сүймес шалдан.
Артында жолын тауып, жоқтары жоқ,
Қаңқылдап үріп қалған қастары көп.
Шәкір бәрібір қалады Шәкір болып,
Ақын болып, халқының мақтаны боп!





Пікір жазу