Поэмалар ✍️
«Бақ пен сор» толғауы.
Әлем көзі шарадай! Қуану ма, қорқу ма?
Жаға ұстатар жағдайды жабыла кеп айтуда!
Адам отқа шыдаған, адам суға шыдаған,
Ал атомға шыдаған қандай ел бар, қайсыңда?!
Қара тас пен темір де балқып кетер қуатқа,
Шыдап қалу! Сұмдық қой! Өтірік пе, рас па?
Бар әлемнің ғалымы басын шайқап тұр әне,
Қырық жылғы жарылыс үні келіп құлаққа!
Бақа басты, дәу көзді адамдарды көргелі,
Көріп, зерттеп, әлемге үлгі-өнеге бергелі.
Келген небір кемеңгер атомшылар аң-таң тұр,
Қорқынышты түс көрген шарадай боп көздері.
«Айттым сәлем Қаламқасты» біз де тұрмыз шырқатып,
«Атом» деген кеселден көрмегендей мұң татып.
«Дегелеңнен» сол күні бізге бұлт та аумады,
Жайшылықта келетін жайбарақат у шашып!
«Бөрі арығын білдірмес» бөрі жүрек жандармыз,
Дертті болып жүрсек те «дертсіз» бола қалғанбыз.
Саңырау құрдай серігі оққа ұшып жатқанда,
Сабыр сақтап, самарқау қараған да қойғанбыз.
Білмесек те Құранды, біліп өстік Уранды,
Ашық күнді аз көрдік, бұлтты аспаннан тұманды.
«Саңырауқұлақ» салбырап санамызда тұрса да,
Армандадық қол жетпес қияндағы қиялды.
Иә, біздер сондаймыз, су ішпеген у ішкен,
Май орнына у шыққан малын сойса жіліктен.
Қазаны да қалжыңға айналдырып алғанбыз,
Қанымызды қарайтқан мезі болып күйіктен!
Күл шығарып ауыздан, алғаннан соң оттан дем,
«Күрк-күрк» жөтеліп, күңіреністік аспанмен.
Қыл шылбыр да мойынды орап алды оп-оңай,
«Өлуге» де үйрендік қан қысымы, ақ қанмен!
«Дегелеңде түк те жоқ, дерт қоздырар» демеңіз,
Көріп келдік сұмдықты, әлі талай көреміз.
Кеудеміздің бір жерін тесіп шығар бір күні,
Біз атомнан туғанбыз, сол атомнан өлеміз.
Иә, біздер сондаймыз, тау тозса да тозбаймыз,
Ата-баба тірлігін алға қарай жалғаймыз.
«Қазақ» деген халықтың ұлы Абайы тұрғанда,
Алты алаштың алдында жарқыраған маңдаймыз.
Иә, біздер, сондаймыз, сор мен бағы - итжығыс,
Тілін қыршып тіспенен, шығармайтын түк дыбыс.
Қырық жылғы қырғынның қылтанағы жоқ қазір,
Күлтөбедей «Дегелең» күрсінеді тып-тыныш!
Тәубә, Құдай, тәуелсіз Ел болғалы еңселі,
Атың өшкір атомның қалмады бір бөлшегі.
Азып, тозған ел мен жер, ширек ғасыр ішінде,
Ақ кемеге айналды алға тартқан желкені.
Өзен, көлге су келді, арнаны ашып су алған,
Ағаштар да бүрленді әлдеқашан қуарған.
Ал қаракөк аспанның ажары да ашылды,
Албастыдай басатын айыққан соң тұманнан.
Жырым-жырым тілінген Жер-Ананың бетіне,
Қаулап өсті қалың шөп, қайта оралып несібе.
Ұлыларды тудырған, улы газдан құтылған,
Ұлы Абайдың елі де ерді әлем көшіне.
Жалбарынып жүріп ек, «не жаздық деп жаратқан»,
Жанымызды қайтардық, қазып алып тозақтан.
Мұңның бұлты торлаған, мұңсыз күні болмаған,
Күн көріне бастады күлімдеген қабақтан.
Мұның бәрі, алдымен азаттықтың арқасы,
Армандады бұл күнді қайғылы елдің қаншасы?!
Курчатовтар отырған темір бетон астынан,
Мамыражай тірліктің көрінеді майсасы.
Азаттықтың ақ таңы арайланып атпаса,
Елбасымыз ең алғаш полигонды жаппаса.
Ұлы Алаш жұртының астанасы – Семейге,
Адамзаттың жанары түсер еді басқаша.
Қарар еді, тірліктің «қас жауы» деп қаланы,
Атой салып тұрған соң «атом» деген ажалы.
Сол қаруды сор шашқан Тұңғыш жойған әлемде,
Елбасының ерлігі жер жүзіне бағалы!
Иә, біздер сондаймыз «қазақ» деген халықпыз,
Бейбіт күнді сүйгенге күн көзіндей жарықпыз.
Адамзатты құртуға қару жасап желіккен,
Арам ойлы елдерге Ай бетіндей алыспыз.
ХХІ ғасырдың қан соғысы белгілі,
Көре алмайсың сен одан жеңлігенді, жеңдіні.
Күллі әлем паналап, ақ бесігі жасаған,
Күлге айналып кетеді қас-қағымда жер жүзі.
Бар халыққа сондықтан бағыштаған Елбасы,
Манифесі-қазақтың адамзаттың мандаты.
«Көгімізде Күн мен Ай аман тұр» деп айтпаңыз,
Жерімізде сыналып жатса атом бомбасы!
Шошып қалған жүректің сор мен бағын жыр еттім,
Алпыс бес жыл атоммен жанталасып күрестім.
Жеңілгенім белгілі, жер астына барармын,
Жер бетінде тек қана мәңгі-бақи гүл өссін!
... Қарауылдың түбінде қара ағаш тұр жалаңаш,
Қара ағаштың басына ұшқан құс та жоламас.
Сонау жылы ел болып ереуілге шыққанда,
Тамырларын дұғалап кеткен шығар көп алас.
Алас, алас әлі де айтарымыз сол алас,
Аласталған жерлерге жын-пері де жоламас.
Тек. Құдайым Жер бетін аман қылсын соғыстан,
Бейбіт күннің қайырын қаламайды қай Алаш?!
Өліп, өшіп қалған соң ел басынан өткен сын,
Өткен күнге өкініп, жылағанмен не істерсің?
«Атом» деген тозақтың іздегендер ақырын,
Қазақ деген халықтың Отанына кеп көрсін!