Поэмалар ✍️
Хафекең мен Нәсекең
Еліме енетұғын босағадай,
Қол ұстасып бір жүрген қос ағам-ай.
Ауылға аңсарларың ауып жүр-ау,
Балаларын сағынған ата-анадай.
Шыңғыстау, қарт Қарауыл-қара бесік,
Көздеріңе көрінсе қараң етіп.
Сарайларың ашылып қалар еді-ау,
Сарыарқадан тұрғандай самал есіп.
Біз барсақ, бір туысты көргендей боп,
Құшаққа аласыңдар өңмеңдей кеп.
Қарық болып қаламыз біз де сонда,
«Қарт Шыңғыстау түсіне енген ғой» деп!
«Қайғы ойлап» қалдыңдар ма, қарттарым-ай,
Қалжыңдап, қатар жүрер дос табылмай.
Сексеннің сеңгіріне жеттіңіздер,
Жеткен де жетпеген бар жасқа мұндай.
Артқы өмір-алғы өмірге ем бола ма?
Жақындап қалыпсыздар жар, жағаға,
Еңкейіп, еңкіш тартып барасыздар,
Еңкеймеу жарасады тауға ғана!
Құдай өзі сіздерге ажар берген,
Соның өзі қашқан ба, қалай көзден?
Танымай қап, таңырқап жүрген шығар,
Раушан апайым мен Камал жеңгем.
Не десек те уақыт бұл, уақыт қатал,
Уақыттан ешкім жоқ асып, тасар.
Ел бесігін тербеткен Ерлер ғана,
Ел төрінен мәңгілік бақыт шашар!
Ел төріне кез келген шыға алмайды,
«Шығамын» деп құр босқа ұрандайды.
Халық өзі таниды «Қарабайды»,
Халық өзі таниды «Шығайбайды».
Халық өзі таниды қадірсізді,
Тәубәсізді, тәйтік пен тәңірсізді.
Ондайларға орын жоқ ортамызда,
Ой-санадан көшеді сағым сынды.
Халық өзі таниды кемеңгерін,
Ақ найзаның ұшындай егеулі Ерін.
Олар мәңгі қалады ел есінде,
Ел түгіл, жер сүйеді Ер еңбегін!
Елі үшін тұтқа болып бар керекке,
Хафекең, Нәсекең боп қалған есте.
Матаев, Сембаевтың жүрген жолы,
Артқы ұрпаққа бет түзер айна емес пе?
Дүрілдеп тұрса қазір Абай елі,
Шәкәрім мен Мұхтардай дана жері.
Соққан кездік сияқты жарқ-жұрқ етіп,
Солар еске түседі ең әуелі.
Не жақсының болса да негізі бар,
Негізі жоқ нәрсенің бәрі мұнар.
Абай елі кеше де дәуірлеген,
Бүгінгіні түк те жоқ соны қылар.
Матаевпен мақтанған кез де болған,
Ол жайлы ойсыз ұрпақ сөз доғарған.
Бүгінгіміз-бүкпесіз жақсы болса,
Сайраған сара жолы сонда қалған.
Ол кезде «Қаламқас» та самғап ұшқан,
Чех, Венгер, Түрік халқы таң қалысқан.
Бүгін тіпті шарықтап бара жатса,
Ұлы елдің қасиеті ол да жұққан.
Ол заман күні біткен алыс дерсің,
Хатшыларды мадақтау айып дерсің.
Алайда, ел есінде қалам десең,
Еңбегіңді алдымен халық көрсін!
Халық көзі қалт қылмас ештеңені,
Ол көрмеген ісіңнің жоқ беделі.
Хафекеңдер өсірген ел ырысын,
Ептілер әлі күнге жеп келеді.
Сонда да сол күндерді ұмыттырып,
Тастаймыз тарихтан да ығыстырып.
Бітеу жара сияқты-білімсіздік,
Білгеніңді айта алмау-біліп тұрып.
Кілең алтын демейін, бар күмісі,
Сәл қулығы бар шығар, сәл қуысы.
Көре тұра бірақ та көрмедім деу,
Көкірегі көр соқыр жанның ісі.
Қос ағам, қол жетпейтін қос шынарым,
Білемін, бізге қояр көп сұрағың.
Танымасын, сыйламас мына жұрттың,
Тазарту мүмкін емес тас құлағын.
Қарт адамға осының ауыр бәрі,
Қайрат, күші қайтқан соң бойындағы.
«Ойлы адамға қызық жоқ» деген Абай,
Оймен ауыр адамның ауырғаны.
Десек те дерттен аман жан олжалы,
Орындалған пенденің қай арманы?!
Маңдайлардың бес елі бағы боп тұр,
Матаев, Сембаевтың замандары.
Ертістің ар жағы мен бер жағындай,
Шыңғыстау, Тарбағатай тауларындай.
Қатарласып бір жүрген қарттарымды,
Қашанда қанатыңмен қорға, Құдай!