24.07.2022
  137


Автор: Төлеген Жанғалиев

«Семей таңы»

Жылы жапқан жылдарымның әр бетін,
Өткен күннің сезім-дағы келмесін.
Уақыттың уысынан сусыған,
Ұмыта алман ағалардың бейнесін.
Бейне қалса, бекер емес тегінде,
Ерін сүйген ел-жұртының көзінде.
Олар мәңгі ойға оралып тұрады,
Жоқ болса да мынау жалған өмірде.
«Семей таңым», олар тірі сен барда,
Көбі жетпей кеткенменен арманға.
Әрбіреуі ғасыр жасап жатқандай,
Әр жылдары сен мүшелге толғанда.
Бәрі, бәрі кешегідей есімде,
Не жетеді есте қалған есімге.
Ырысағаның қолы мөр боп тұратын,
«Семей таңым» сенің соңғы бетіңде!
Сөйлеп кетсе, сөзі селдей тасыған,
Ұлы Абайды жаттап өскен жасынан.
Ырысағам-құты еді ғой Семейдің,
Құс ұшырмас қаламгерлер басынан.
Бойы-екі, ал ойлары мың метр,
Айта бермес ағайынға күнде сыр.
Шәрпен ағам жазушы еді жалықпай,
Жалғап алып тіліп түсер тілге – тіл!
Бұл өмірден қорлығы жоқ көрмеген,
Бәрін көрген, бәрін жеңген, өлмеген.
Сапаевтай алтын адам аз еді-ау,
Қартқа-қартша, жасқа-жасша сөйлеген.
Ал, Ақылбек, Ақылағам, арлы ағам,
Адалдықтан, адамдықтан танбаған.
Өңдеп, түзеп отыратын жалықпай,
«Өлеңдерді» әлі иі қанбаған.
Аға түгіл, ініге де «сіз» деген,
Інілерден талант көзін іздеген.
Арба мінген Ақылағам жұмақта,
Алла қолдап, жүрген шығар күймемен!
Алшысынан аумайтұғын құлжадай,
Қаламұшы тұрмайтұғын зырламай.
Қайролладай қайран аға қадірін,
Тірлігінде білмегенбіз біз қалай?!
Бала кезден атын қойған «Баба» деп,
Ал, мен үшін Мерғалидай аға жоқ.
Бір мен емес, барлық ақын-шәкіртке,
Бабам менің жүріп еді-ау пана боп!
Баспасөзге арнап барлық ғұмырын,
Баспасөзбен биіктеткен тұғырын.
Өзі өлсе де өлең-жыры өлтірмей,
Қайран Мекең бірі боп жүр тірінің!
Даңқы асқан Доғал-бидің ұрпағы,
Ерте солып қалған әттең, гүл шағы.
Мағрипа апай еске түссе, езіліп,
Жанарымнан жас моншағы ыршады!
Мұның бәрі-өткен күннің белгісі,
«Өткен күнде белгі жоқ» дер кей кісі.
Қай кезде де қаламгерлер бейнесін,
Қайта көзге оралтады сөз күші!
«Семей таңым» сөз күшінің қайнары,
Отырсың ба, тоқсан беске толғалы.
Қара Ертістің суы азайып қалса да,
Қарт Семейдің сиресе де орманы,
Сені солар алғы күнге жалғады.
Жалғана бер, жалғаса бер алда да,
Сенің орның қай кезде де төр ғана.
Семейдегі шежіре қарт өзіңсің,
Тағы өзіңсің таланты бар бозбала!
Қарт боп қарат, аузыңа бар Алашты!
Жас боп тағы жасарта бер қазақты.
Сенің тойың – Егеменді Ел тойы,
Ел тойынан қандай тойдың бағы асты?!
Бір ғасырлық тарихың бар таңбалы,
Әр бетіңде елдің өмір жолдары.
Семей жері-Астанасы Алаштың,
«Семей таңым», сен Алаштың байрағы!





Пікір жазу