24.07.2022
  114


Автор: Төлеген Жанғалиев

Мұқағалидың бәкісі.

Мұқаңның жайылмаған өлең-сөзі,
Көңілсіздеу кез еді, көлеңкелі.
Дала аққуы болғанмен даңқы төмен,
Жәнібек те сол шақта жай әнші еді.
Елеусіз екі дарын ел ішінде,
Кемсітуге ұшырап, кемітуге.
Ағалы-іні келетін анда-санда,
Сыра ішіп сыр мен шерін бөлісуге.
Алматыда «Қаламгер» кафесі бар,
Қалталылар қарамай өте шығар.
Сол кафеге жиылды кілең жастар,
Ортада Мұқағали көкесі бар.
Бірі-әнші, бірі-ақын кілең мықты,
Қалта ғана танытып жүдеулікті.
Божылдатып сыраны отыр еді,
Болған соң қастарында сүйеу күшті.
«Елден келген дәм еді» дәм татыңдар,
Біздің ел ететін ет сорпасын бал.
Деп Мұқаң қыс сүрісін турап тұрды,
Көк бәкісін көрсетіп қалтасы бар.
Қалтасы кәдімгідей тері тіккен,
Жәкеңнің көрген кезде-ақ көзі түскен.
Басқалардың бәкі де шатағы жоқ,
Көпіртіп ауыздарын көбік ішкен.
Дана ақын Жәнібектің жәйін ұқты,
Жанарынан сыр көріп сағынышты.
Көк бәкіні сырғытып тастап еді,
Тас еденге «тарс» етіп барып ұшты.
Жәнібек те «лып» етіп іліп алды,
Мұқаңның оны көріп нұры жанды.
Көзбен ғана ұғысқан қос дарынның,
Көк бәкіде айтылмай сыры қалды.
... Күнді қуып, айлар мен жылдар өтті,
Өлген жанды өлеңі тұлғалы етті.
Жәнібек те жайдақтау жәй әнші емес,
Атағынан ат үркер ұлға жетті.
Уақыт ұршығындай зырылдаған,
Құйқылжып өте шықты құйын заман.
Мұқаңның мұхит жырын мұра қылды,
Тоң мойындар томардай бұрылмаған.
Жәнібек те жоқ бүгін арамызда,
Айналған «Кеңсайдағы» қара құмға.
Сол Жәкең анда-санда досын ертіп,
Туған жерге келетін дем алуға.
Келген сайын келетін Жидебайға,
Басқа жер жоқ баратын бұл маңайда.
«Дос келді» деп домалап біз жетеміз,
Мұнтаздай мұндай қызық күнде қайда?
Жанында Жәнібектің Сағат бар-ды,
Атағы жер жаратын алаш қанды.
Құданы қарсы алғандай зыр жорғалап,
Қолпаштап-ақ жатырмыз қонақтарды.
Бас келді бас қонақтың сыбағасы,
(Еш халықтың жетпейді бұған асы)
Бастың бүгін иесі Сағат-сыншы,
Мұқағали ақынның жұрағаты.
Ежелден сылқым және сырбаз Жәкең,
Көрікті көркем сөзге туған көсем.
Қалталы көк бәкіні еппен ашып,
Еденге тастай салды «турар» десем.
- Сағатжан,- деді Жәкең содан кейін,
Маған емес бұл бәкі саған бейім.
Бұл бәкіде бұққан бір сыр-тарих бар,
Ешкімге бермеп едім, саған дейін.
... Тегінде бәкі сыйға берілмейді,
Тапсаң да тартуыңның жөнін мейлі.
Қол созып жерден алсаң оңай олжа,
«Көңілін тауып алдым өзім» дейді.
... Ағайын, көк бәкінің сырын аңғар,
Қазақта қасиетті, ұлы заң бар.
Алаштың арыстары бөлінбейді,
Бөлініп жатса-дағы құрығандар.
Қарындашын ұштаған жазғанда өлең,
Қасиетті сол затты арман көрем.
Арғынға барып қайтқан көк бәкінің,
Артында сөз бар екен «Албан» деген.
Айналған алты Алаштың киесіне,
Асыл зат қайтты солай иесіне.
Жәнібек, Сағаттарды сағынғанда,
Көк бәкі де түседі жиі есіме.
Жақсы затын қия ма жатқа кісі,
Қасиеттің болмайды затта күші.
Мұқым Алаш жұртының мұрасындай,
Мұқағали ақынның көк бәкісі.





Пікір жазу