24.07.2022
113
Батар күннің нұры қайтып қып-қызыл...
Батар күннің нұры қайтып қып-қызыл,
Көкжиекке көрпе болып түсті іңір.
Жапырағын жаңа жайған теректен,
Еміс-еміс естіледі құс-күбір.
Не дейді екен, не деп сыбыр қағады,
Қарт теректің қара түнгі қонағы.
«Неге төмен ұшып жүрміз» дей ме екен,
Ұшар кезде ұшқан бұлттан жоғары.
Не дейді екен, не дейді екен құс-жүрек,
Олардан да бар-ау, сірә күштірек.
Аяқтының жер бетінде жауы көп,
Қанаттының қасы көкте тіпті көп.
«Сыбыр», «күбір» кеулеп кеткен қоғамда,
«Айғай» ғана керек шығар адамға.
Деп қоямын, демім әрең алынып,
Ауыз баққан артық болар одан да...