24.07.2022
  76


Автор: Төлеген Жанғалиев

Х Х Х Х

Орденіңді қайтейін омырауды толтырған,
Оны ала қоярдай жарасып тұр қай тұлғам?!
«Анаған да жағам» деп, «мынаған да жазам» деп,
Алла берген қуатым әлдеқашан таусылған.
Ленинді жырладым «адамзаттың күні» деп,
Партияны жырладым «парасаттың нұры» деп.
«Күн» дегенім түн болды, мәңгі бақи шықпайтын,
«Нұр» дегеннің жанымды нұрландырар түрі жоқ.
Атағыңды қайтейін, Абай атам алмаған,
Адалдықпен алмасаң харам астай ол да арам.
Майлы жілік басын да көрмеп едім бір ұстап,
Мақтан, мәнсап не керек маңдайыма жазбаған.
Медаліңді қайтейін, мендік емес ол-дағы,
Медаліңнен мың артық жырларымның айбары.
«Қайырлы болсын медалің» деп қақпай-ақ арқадан,
«Қайырлы болсын өлеңің» десе халқым болғаны...





Пікір жазу